Оқиға орнына келген өрт сөндірушілері іште балалар барын білмеген.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысында тұрғын үйден өрт шығып, екі қыз көз жұмған еді. Өрт түнгі 00:00 шамасында тұтанып, ішкі бөлігі толық жанып кеткен. Ал көршілерінің айтуынша, отбасы мұнда тек бірнеше апта бұрын ғана көшіп келген, деп жазады stan.kz.
Оқиға орнына келген өрт сөндірушілері іште балалар барын білмеген. Салдарынан 2017 және 2020 жылы туған балалар ажал құшты.
Көршілерінің сөзінше, әйел үйді құрбысымен бірге жалға алып тұрған. Сол күні олар құрбысының туған күнін кафеде атап өткен, ал балаларды үйде қалдырған көрінеді.
Кейінірек анасы 22:00-де келіп, балаларды тамақтандырған. Пеш тұтатып, ұйықтатып кеткенін айтады. Алдын ала деректерге сәйкес, өрттің тұтануына пеште көмірдің шамадан тыс көп болуы себеп болған.
Куәгерлердің айтуынша, анасы үйге келгенде полицейлер мен өрт сөндірушілер болған. Үйге кіргізбеген соң ол іште балалардың барын айтыпты.
Жергілікті тұрғындар мұның отбасыдағы жалғыз қайғылы оқиға емес екенін хабарлады. Бірнеше жыл бұрын өрт болып, балалардың әкесі жан тапсырған.
Қазір Шу ауданының әкімдігі мен атқарушы органдар әйелге тиісті көмек көрсетуде. Сонымен қатар балалардың жерлеуін ұйымдастырып, уақытша үй тауып берген. Қазір материалдық көмек көрсету мәселесі талқыланып жатыр.
Еске салайық, Жамбыл облысында жеке үй өртеніп, екі баланың көз жұмғаны жайлы хабарлаған едік. Қайғылы оқиға желтоқсанның 2-нен 3-іне қараған түні Шу қаласында болған.