Жамбыл облысындағы 18 жастағы сарбаздың өлімі: сот үкім шығарды

0
745

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Жамбыл облысындағы 18 жастағы сарбаздың өлімі: сот үкім шығарды

ERNUR.KZ. Шымкент гарнизонының әскери сотында Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара заставасында қаза тапқан 18 жастағы мерзімді сарбаздың ісі бойынша жабық сот талқылауы аяқталды, деп жазады tengrinews.kz.

Соттың баспасөз қызметі мәліметінше, қаза тапқан сарбаздың командирі сержант Н. зорлық-зомбылық көрсету, бопсалау, билікті асыра пайдалану және әскери қызметкерді өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу бойынша айыпталған.

"Сот Н.-ның шекара бекетінде келісімшарт бойынша қызмет өткергенін, мобильді топтың басшысы қызметін атқарғанын анықтады. 2022 жылғы тамызда ол әскери қызметшілер Қарулы Күштердің жарғысын бұзып, нарядтағы лауазымдарды өз еркімен ауыстырғанын анықтады. Н. осы себепті пайдаланып, қатардағы К.-ден ақша бопсалай бастаған. Сондай-ақ, Н. әскери қызметшілер Б., К. және А. шекара заставасы аумағында спирттік ішімдіктер ішкенін біліп, қызметтік өкілеттігін асырып, оларға дене жарақатын салғаны анықталды", - деп түсіндірді баспасөз қызметі өкілі.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сондай-ақ, заттай дәлелдемелер, оның ішінде банк шотынан үзінді көшірмемен, шекара заставасынан алынған бейнежазбамен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденгені айтылды. Алайда әскери қызметкерді өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу бойынша оның кінәсі расталмады.

"Н. өзінің қарамағындағы Б.-ға жүйелі және негізсіз талап қойып, оның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлады деп айыпталды. Алайда сотталушы заставада небәрі сегіз күн болды, оның ішінде жәбірленушімен бірнеше рет кездескен, осындай қысқа мерзімде өз-өзіне қол жұмсау үшін жағымсыз жағдай туғызбаған. Дәлелдемелер жиынтығы сотталушының бұл әрекетке кінәсін жоққа шығарады", - делінген сот мәліметінде.

Сот үкімімен Н. кінәлі деп танылып, қылмыстық құқықбұзушылық жиынтығы бойынша үш жылға алты айға бас бостандығынан айырылды. Ал "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бойынша ол кінәсіз деп танылып, ақталды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, 18 жастағы мерзімді сарбаз 2022 жылғы тамызда Жамбыл облысында өз-өзіне қол жұмсаған еді. Кейінірек Бас әскери прокуратура жыныстық зорлық-зомбылық нұсқасын жоққа шығарды. Сондай-ақ, 5 адам жұмыстан босатылды.