19 жастағы сарбаз – Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы. Ол әскерге өткен жылдың қыркүйек айында келген.
Жамбыл облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің «Андас батыр» бөлімінде әскери борышын өтеп жатқан сарбаз жоғалып кетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.
Аяқ астынан із-түзсіз кеткен Ұлықбек Бердішевті әскерилер мен туыстары екі күннен бері аяғынан тік тұрып іздеп, таба алмай жатыр. 19 жастағы сарбаз – Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы. Ол әскерге өткен жылдың қыркүйек айында келген. Әскери бөлімше таулы жерде орналасқандықтан, застава қызметкерлері оны соңғы рет мал суаруға кеткенде көрдік дейді. Оның жоқ екенін сарбаздар сапқа тұрған кезде ғана байқаған.
«Сағат 14:00-де тазалыққа атқора жаққа жұмысқа бөлдім. Кейін 15:00-де тексеруге бардым. 15:00 де тексеруге барған кезде атқораға тазалық істеп жүрді. Аттарды суғарып, шөбін сал деген тапсырма бердім. Одан кейін сол 15:00 мен 16:00 аралығында бала жоғалып кетті», - деді сарбаз Ердос Мырзағалиев.
Әскери қызметкерлер бірден полицияға хабар берген. Қазір әскерилер де, тәртіп сақшылары да тау-тасты кезіп, іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Ал сарбаздың туыстары ол әскерден қашуы мүмкін еместігін айтады. Оған біреулер қысым көрсетіп, бір жерде ұстап отырған болуы мүмкін деген күдік бар дейді. Бірақ анасы әскерге кеткелі баласынан бір шағым естімепті.
Оның жоғалып кеткені туралы хабар жеткен соң, әкесі мен ағасы әскери бөлімге жедел жеткен. Қазір олар да әскерилермен бірге, қазақ-қырғыз шекарасының маңынан Ұлықбекті іздеп жүр.