Жарылыс болған жерде марқұмның сүйек бөлшектері мен киім қалдықтарын анықтаған.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысы Байзақ айданындағы әскери қоймадағы жарылыстан кейін іс-түссіз жоғалған өрт сөндіруші Бауыржан Дәуітбаевтың мәйіті табылды, деп жазады stan.kz.
"Бүгін ҚР қорғаныс министрлігінің Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы Б. Дәуітбаевтың мәйіті табылды деп хабарлады. Жарылыс болған жерде марқұмның сүйек бөлшектері мен киім қалдықтарын анықтаған. Сараптама қортындысы 15 ай бұрын жоғалған ер адамның сүйегіне сәйкес келген. Өте өкінішті…" – деп жазды ол.
Журналистің сөзінше, өрт сөндіруші жоғалып кеткенде жұбайы бесінші баласына жүкті болған. Ал сәби дүние келген соң есімін Аманкелді деп қойыпты.
Ақпаратты Қорғаныс министрлігі растады. Сонымен қатар марқұмның отбасына жерлеу шығындары, атқаратын лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленетінін мәлімдеді.
"Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін төлем қарастырылған. Оның мөлшері әскери қызметші қызмет еткен аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты. Сонымен қатар, марқұмның балаларын оқытуға және жұмысқа орналастыруға, сондай-ақ басқа да мәселелерді шешуге көмек көрсетіледі", - делінген хабарламада.