Ауыл мектебі апатты деп танылып, оны бұзу жоспарланған.
Фото: "Жетінші арна" кадры
ERNUR.KZ. Жамбыл облысында Құшаман ауылындағы мектеп оқушылары әкімдік ғимаратында білім алып жүр. Сол ғимаратта тағы балабақша, кітапхана және тіпті полиция бөлімшесі де орналасқан, деп жазады tengrinews.kz.
Ауыл мектебі апатты деп танылып, оны бұзу жоспарланған. Салдарынан 123 бала мемлекеттік қызметкерлермен бірге бір ғимаратта отыруға мәжбүр. Ескі ғимарат, шағын әрі сабақ өткізуге қолайсыз.
"Биыл наурызда мектебіміз апатты деп танылып, бізді осы ғимаратқа көшірді. Мамандар білім беру мекемесі әрі қарай оқуға жарамсыз деп шешім шығарды. Мұнда алты кабинетті бөлісіп, екі ауысымда оқимыз", – дейді мектеп директоры Нұржан Сәденов.
Дене шынықтыру сабақтары далада өтеді. Дәретхана да сыртта, оны ауыл тұрғындары өз күштерімен салып берге.
Ауылда жаңа мектеп салу жоспарланған. Шенеуніктердің айтуынша, жоба дайын. Жоспар бойынша оқу орны екі жылдан кейін пайдалануға берілуі тиіс, алайда құрылыс әлі басталмаған.
Мойынқұм аудандық білім бөлімі басшысы Мәлік Мұқашевтың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттама облысқа жіберілген. Жоспарға сәйкес, 100 орындық жаңа мектеп 2027 жылы ашылуы керек.
                        
                        
                    
