Келтірілген шығын 22 миллион теңгеге бағаланды.
ERNUR.KZ. Талас ауданының прокуратурасы "Таза-Талас" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының теңгеріміндегі автокөліктерді заңсыз есептен шығару арқылы жымқыру фактілерін анықтады, деп жазады inbusiness.kz.
"Кәсіпорын басшылығы мекемеге тиесілі нарықтық құны 22 млн теңгені құрайтын 4 автокөліктерді жалған құжаттар рәсімдеу арқылы жарамсыз көлік құралдары ретінде заңсыз есептен шығарып, тиісті аукцион өткізбей, тікелей үшінші тұлғаларға сатқан", - делінген баспасөз хабарламада.
Аталған дерек бойынша, Талас ауданының прокуратурасы қылмыстық іс тіркеп, оны тергеп-тексеру облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасымен жүргізілді.
Бүгінгі таңда, мекеме басшыларының іс-әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағымен (жымқыру) және ҚК 369-бабы 1-бөлігімен (қызметтік жалғандық бойынша) сараланды.
Сонымен қатар, тергеп-тексеру барысында құны 17 млн теңгені құрайтын 3 автокөлік мемлекетке қайтарылып, төртінші автокөлікті қайтаруға шаралар қабылданып жатыр.


