Жамбыл облысының тұрғыны комада жатқан ағасының жерін сатып жіберген

0
87

Сот мүлікті заңды иесіне қайтарды.


Жамбыл облысының тұрғыны комада жатқан ағасының жерін сатып жіберген

Фото: © istockphoto.com

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында жаға ұстатарлық жайт болды: ер азамат туған ағасы ауруханада ес-түзсіз жатқанда, оның мал шаруашылығына арналған жер телімін сатып жіберген. Алайда әділдік орнап, сот мүлікті заңды иесіне қайтарды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сүйенсек, талап қоюшы Жамбыл облысында мал шаруашылығымен айналысып, жұбайымен бірге шаруа қожалығын дөңгелетіп отырған. Оның иелігінде мал қоралары мен шопан үйі болған.

2021 жылы шаруа қожалығының иесі денсаулығы сыр беріп, аурухананың жансақтау бөліміне ауыр халде комаға түседі.

Туған бауыры ешқандай заңды өкілеттігі болмаса да, ағасының мүлкін бір ЖШС-нің жарғылық капиталына беру туралы шарт жасасады. Кейіннен бұл жер телімі үшінші тарапқа сатылып, аталған ЖШС мүлдем таратылып жіберілген.

Сот отырысы барысында жауапкер тарап мүліктің заңды негізде және сенімхат арқылы сатып алынғанын алға тартып, талапты мойындамады. Бірақ талап қоюшының өкілі бұл уәждің негізсіз екенін бұлтартпас айғақпен дәлелдеп берді.

«Келісімшарт жасалған сәтте менің қорғауымдағы азамат ауруханада ес-түзсіз (комада)жатты. Ол физикалық тұрғыда ешкімге сенімхат бере алмас еді», — деді адвокат.

Сот келесі жайттарды анықтады:

1. Келісімшарттарда иесінің қолтаңбасы жоқ;

2. Мүлік иесі ешкімге сенімхат бермеген;

3. Мәмілелер иесінің келісімінсіз, ерік-жігер бостандығы принципін бұза отырып жасалған.

Сот барлық мән-жайды саралай келе, жерді беру және сату туралы келісімшарттарды жарамсыз деп таныды.

Жауапкер жер телімі мен ғимараттарды босатып, заңды иесіне қайтаруға міндеттелді. Шығындар: Сот жауапкерден 500 мың теңге көлеміндегі адвокаттық шығындар мен мемлекеттік бажды өндіріп алды.