Жамбылда балалар арасындағы суицид 3 есе көбейген

0
933

Бұл жайлы үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.


Жамбылда балалар арасындағы суицид 3 есе көбейген

ERNUR.KZ. Облыста жасөспірімдер қылмысы - 25,7%, балаларға қатысты қылмыстар - 29,1%, ал суицид - 3 есеге көбейді, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгін өткен үйлестіру кеңесінің отырысында осы келеңсіз статистика айтылды.

Облыста кәмелетке толмағандар істері жөніндегі 12 облыстық, қалалық және аудандық комиссия жұмыс істейді, онда 250-ден астам мәселе қаралып, 1759 түрлі алдын алу іс-шарасы өткізілді. Алайда, бір де біреуінде құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер қаралған жоқ.

Әлсіз профилактиканың екінші себебі - ювеналдық полиция кадрларының тәжірибесіздігі. 202 қызметкердің 60%-ның ғана бір жылдық жұмыс өтілі бар, тек 114-і ғана жоғары заңгерлік білім алған.

Үшінші себеп - жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралардың өзгермеуі.

Сондықтан, Үйлестіру кеңесінің отырысында аталмыш үрдісті жақсарту үшін бірқатар іс-шаралар жоспарланды. Біріншіден, өмірде қиын жағдайға тап болған балаларды анықтау және әлеуметтік оңалту жұмысын күшейту. Екіншіден, мектеп психологтары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың жұмыс форматын қайта қарау. Сондай-ақ, мектеп психологтары мен инспекторларының жұмысы үшін мектептердің оқу жоспарына жеке уақытты енгізіп, есепте тұрған балалар жеке топтарға бөлінеді.