Жамбылда қаңтар оқиғасынан кейін көз жұмған жасөспірімге үкім шықты

0
432

Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні сотталушы О. (марқұм) Тараз қаласында қирату, бұзу және қалалық әкімдік ғимаратының мүлкін жоюға ұласқан жаппай тәртіпсіздікке қатысқан.


Жамбылда қаңтар оқиғасынан кейін көз жұмған жасөспірімге үкім шықты

ERNUR.KZ. Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыпталған О-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп жазады ҚазАқпарат.

Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні сотталушы О. (марқұм) Тараз қаласында қирату, бұзу және қалалық әкімдік ғимаратының мүлкін жоюға ұласқан жаппай тәртіпсіздікке қатысқан.

Сондай-ақ әскери қызметшілердің өміріне қол сұғу мақсатында О. олардың ғимараттан кетуін талап етіп, әкімдікпен бірге өртеп жіберемін деп қорқытқан.

О-ның кінәсі іс аясындағы айғақтармен дәлелденді.

Атап айтқанда, куәлар К., А., Ж-ның айғақтары, сот-медициналық, сот-биологиялық, сот-медицина-криминалистикалық, сот-баллистикалық сараптама қорытындысы, сондай-ақ фотосурет бойынша тану хаттамасы мен істің басқа да материалдары бар.

Прокурор сотталушы О-ны қайтыс болуына байланысты жаза тағайындамай, жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін (ҚР ҚК 272-б. 2-б.) кінәлі деп тануды сұрады.

Сотталушының өкілі - Б. іс бойынша жиналған дәлелдемелерге дау айта отырып, О-ға тағылған айыпты мойындамай, істі мәні бойынша қарауды сұрады.

Жоғарғы соттың 2018 жылғы 20 сәуірдегі №4 «Сот үкімі туралы» нормативтік қаулысының 10-тармағына сәйкес, қайтыс болған адамды оңалту үшін тараптардың қолдаухаты болған кезде іс бойынша процесс жалғасады және оған негіз болған кезде аяқталып, қайтыс болған адамға айыптау үкімі қаулы етіледі.

Сондай-ақ үкімнің қарар бөлігінде жаза тағайындалмай, оны қылмыстық заңның тиісті бабы бойынша кінәлі деп тану туралы қорытынды тұжырым жасалады.

Сот О-ның кінәсін зерделенген дәлелдемелермен дәлелденген деп таныды.

Сот үкімімен О. қайтыс болуына байланысты жаза тағайындалмай, жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны (ҚР ҚК 272-б. 2-б.) үшін кінәлі деп танылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.