Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 9 мыңға жуық қазақстандық гранттар алды

0
99

2025 жылы жалпы 9 234 грант беру жоспарланған.


Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 9 мыңға жуық қазақстандық гранттар алды

ERNUR.KZ. Жыл басынан бері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 8 964 грант, оның ішінде ауыл тұрғындарына – 5 539 грант берілді. 2025 жылы жалпы 9 234 грант беру жоспарланған, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Үміткерлерден барлығы 22,7 мыңнан астам өтініш, оның ішінде көпбалалы отбасылардан – 14,8 мың, мүгедектігі бар адамдардан – 3,6 мың, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдардан – 2,6 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан – 600 өтініш қабылданды. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған адамдар қатарынан 758 адам, 178 қоныс аударушы және 145 қандас өтініш берді. Өтінімдердің ең көп саны Түркістан (1 788), Қызылорда (1 500), Жамбыл облыстары (1 006), ал ең аз саны Астана (126) мен Ұлытау облысынан (79) келіп түскен.

2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша технологиялық жабдықтарды сатып алуға – 3 930, құрал-сайман, еңбек құралдарын сатып алуға – 2 589, мал шаруашылығына – 2 228, орын жайды жалға алуға – 135, өсімдік шаруашылығына – 82 қайтарымсыз гранттар берілді.

Алушылардың санаттары бөлінісінде көпбалалы отбасылардың мүшелеріне – 5 822, мүгедектігі бар адамдарға – 1 397, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға – 1 015, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға – 266, асыраушысынан айырылу бойынша төлем алушыларға – 312, қоныс аударушыларға – 87 және қандастарға – 65 грант берілді.

Биыл гранттар алуға өтініштерді қабылдау 2 лек бойынша өткізілді: біріншісінде – 4207, екіншісінде – 4757 грант берілді. Сонымен қатар 20 қазанда бірінші және екінші лектерден үнемделген қаражат есебінен тағы қосымша лек басталды.

Барлығы үнемделген қаражат есебінен еліміздің 9 өңірінде 270 грант беру жоспарлануда. Оның ішінде: Абай (2 ауданда – 4), Ақмола (14 ауданда – 40), Шығыс Қазақстан (2 ауданда - 9), Павлодар (6 ауданда – 40), Қызылорда (Қызылорда қаласында – 56), Түркістан (Жетісай ауданында – 5), Солтүстік Қазақстан (4 ауданда – 9), Ұлытау (4 ауданда – 11) және Шымкент қаласы (96).

Гранттарды еңбек мобильділігі орталықтары үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді. Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия отырысының өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабарлама Business.enbek.kz порталында грант алуға өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай критерийлер бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру. Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.

Комиссияның шешімі туралы ақпарат үміткердің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда үміткер салық органдарында өз қызметін тіркейді, банктік деректемелерді ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы есептерді ұсынады. Мұның бәрі еңбек мобильділігі орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.

Келесі жылы да 9 мың грант беру көзделген.