ERNUR.KZ. Жаңа Конституция жобасын талқылауда ең алдымен бір нәрсеге назар аударамын, яғни құжаттың өзегіне «адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы» деген ұстаным шығуы. Бұл жай ұран болып қалмай, әр азамат күнделікті өмірінде сезінетін нақты кепілге айналса ғана Конституцияның құны артады. Жобаны таныстырған комиссия өкілдері құқықтар блогында өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке басына қол сұқпаушылық, цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау, сондай-ақ «Миранда ережесі» секілді нормалар бекітілгенін атап өтті.
Меніңше, бүгін қоғамға керегі «құқық бар» деген жалпы сөз емес, құқықтың мазмұны, оны қорғау тетігі, әрі мемлекеттің міндеті анық жазылған айқын ереже. Себебі құқықтық жүйе түсінікті болған сайын, азамат та өз шекарасын біледі, мемлекет те жауапкершілігін нақты сезінеді.
Жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтар: мазмұнды нақтылау не береді? Жобаға қатысты жария түсіндірмелерде адам мен азамат құқықтары бірнеше бағытта жүйеленетіні байқалады, жеке құқықтар (қауіпсіздік, ар-намыс, қол сұқпаушылық), әлеуметтік-экономикалық құқықтар (әлеуметтік кепілдіктер, еңбек, білім), саяси құқықтар (пікір білдіру, қоғамдық өмірге қатысу). Бұл жерде мен үшін маңыздысы — құқықтар декларация күйінде қалмай, «қалай қорғалады?» деген сұраққа жауап беруі. Құқықты іске асыратын тетік, құқық бұзылған жағдайда әрекет ету жолы, шектеудің шегі айқын болса, қоғамда әділеттілік сезімі нығаяды.
Жоба бойынша өмір сүру құқығының абсолюттілігі және адамның жеке басына тиіспеу қағидатын күшейту ұсынылғаны айтылды. Мен мұны өте маңызды бетбұрыс деп бағалаймын. Өйткені адам қауіпсіздігі барлық құқықтардың іргетасы. Бұл нормалар мемлекет пен қоғамға бір өлшем қояды: адамның қадір-қасиеті, өмірі, еркіндігі ең жоғары деңгейде қорғалуы тиіс.
Бүгін жеке дерек жай ғана «телефон нөмірі» емес. Ол адамның жүріп-тұруы, қаржысы, денсаулығы, отбасылық өмірі, тіпті дүниетанымына дейін жанама түрде ашып бере алатын ресурс. Сондықтан дербес деректерді заңсыз жинау, сақтау, пайдалану тәуекелі өсіп тұрған кезде жеке деректерді қорғауды конституциялық деңгейде нақтылау бастамасын қолдаймын. Бұл ұсыныс Марат Башимов тарапынан да көтерілгені жазылды. Егер дерек қорғалмаса, азаматтың еркіндігі де әлсірейді, адам өз пікірін ашық айтуға да, қоғам өміріне араласуға да сақтанып қалады. Демек, жеке деректерді қорғау тек технологиялық мәселе емес, адамның бостандығын қорғау.
Мен үшін жобадағы ең түсінікті әрі қоғамға тез әсер ететін нормалардың бірі «Миранда ережесі». Түсіндірмелерде оның мәні ретінде ұсталған адамға өз құқықтарын міндетті түрде айту, жеке басына тиіспеу, қорғауға мүмкіндік беру сияқты стандарттар аталады. Бұл шын мәнінде қарапайым, бірақ өте күшті құрал, азамат «өз құқығымды білмедім» деп қорғансыз қалмайды, ал құқық қорғау органдары заңды сақтауға тікелей міндеттеледі. Ең бастысы мұндай норма тергеу мәдениетін жақсартып, қысым көрсету тәуекелін төмендетуге бағытталуы тиіс.
Сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндік қоғам дамуының негізгі шарттары деп ойлаймын. Жобаны таныстыру кезінде сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндікке жаңа мән-мағына берілетіні, сондай-ақ демократиялық қоғамда жеке тұлғаның еркін дамуы үшін маңызды саналатын зияткерлік меншікті қорғау кепілдіктері күшейтілетіні айтылды. Бұл жерде менің ұстанымым екіге бөлінеді. Біріншіден, еркін пікір жауапкершіліктен қашу емес, бірақ оны шектеу де бұлдыр болмауы керек, заңдағы тұжырым неғұрлым анық болса, соғұрлым әділетті қолдану мүмкіндігі артады. Екіншіден, зияткерлік меншік қорғалса, ғылым да, технология да, мәдениет те алға жүреді, автордың еңбегі бағаланып, жаңалық жасауға ынта күшейеді.
Мен үшін әйелдер мен балалар құқығын қорғау мемлекеттің адамға шын мәнінде бағдарланғанының басты көрсеткіші. Жобада отбасы мен бала құқығын қорғау нормалары сақталып қана қоймай, күшейтілетіні туралы жария айтылды, бұл жөнінде Динара Закиева пікірлері де ақпарат құралдарында шықты. Дегенмен мен бұл тақырыпта бір нәрсені ерекше атап өткім келеді, құқықты «күшейттік» деу жеткіліксіз. Ең маңыздысы нақты тетік. Яғни алдын алу жұмысы, әлеуметтік қолдау, қауіпсіз орта құру, құқық бұзушыға тоқтау салу, жәбірленушіні қорғау жүйесі бір-бірімен байланысып жұмыс істеуі керек. Сонда ғана бұл нормалар қоғамның ішкі қауіпсіздігін нығайтады.
Қазақстанның зайырлы бағыты қоғамдағы келісім мен теңдіктің маңызды тірегі екенін түсінемін. Сондықтан дін мен мемлекеттің бөліну қағидатын сақтау, ал білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипатын айқындау мәселесі жобада көтерілуі орынды. Бұл біреудің сеніміне қарсы ұстаным емес. Керісінше, әртүрлі сенім иелері өмір сүретін ортада мектеп пен мемлекеттік білім жүйесі бәріне ортақ, бейтарап әрі тең мүмкіндік беретін кеңістік болуы тиіс.
Жобаны талқылауда некені ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Мен мұны отбасы институтын құқықтық тұрғыдан нақтылау, жауапкершілікті күшейту, әсіресе баланың мүддесін қорғауға ықпал ететін қадам ретінде түсінемін. Сонымен бірге «дәстүрлі құндылықтарды нығайту» ұстанымы әйелдердің құқықтарын әлсіретпеуі тиіс. Менің ойымша, дәстүр де, құқық та бір мақсатқа әйелдің қауіпсіздігі, тең мүмкіндігі, зорлықсыз орта сияқты нақты кепілдіктерді күшейтуге қызмет еткенде ғана қоғамда әділетті тепе-теңдік қалыптасады.
Мен жаңа Конституция жобасындағы құқықтар блогын қоғам үшін маңызды мүмкіндік деп қабылдаймын, яғни өмір құқығы, жеке басына қол сұқпаушылық, цифрлық деректерді қорғау, «Миранда ережесі», сөз және шығармашылық еркіндік, зияткерлік меншік, әйелдер мен балалардың қорғалуы, зайырлылық қағидаты, отбасы нормалары бәрі де адамның қадір-қасиетін қорғауға бағытталғаны айтылады. Енді мен көпшілікпен бірге бір нәрсені сұраймын, әр баптың орындалу механизмі түсінікті болғанын. Құқық бұзылса қайда жүгінеміз, қандай рәсім бар, қандай кепілдік жұмыс істейді, осы сұрақтарға нақты жауап беретін Конституция ғана азаматтың сенімін күшейтеді.
Мылқайдаров Әлім Төлекұлы, г.ғ.к.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
География және табиғатты пайдалану факультеті,
География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасы


