Тағы бір теория табандағы жүйке ұштарына әсер ету арқылы ағзаның жалпы жағдайын жақсартуға болады деген болжамға негізделген...
фото: ЖИ
Соңғы жылдарда әлем бойынша физикалық жаттығу түрлерін жалаңаяқ жасау сәні қарқын алып келеді. Бұрын тек йога орталықтары мен пилатес студияларына тән болған бұл тәжірибе қазір барған сайын көп адамның қызығушылығын тудыруда. Бұл шынымен жақсы идея ма? Неліктен адамдар басқалардың күмәнді көзқарасына қарамастан мұны таңдайды және оның мәні бар ма?
Кроссовканың несі бар?
Спорттық (және кез келген басқа) аяқкиім бірнеше қызмет атқарады. Кроссовкалар аяқты әртүрлі физикалық әсерлерден қорғап қана қоймай, тепе-теңдікті сақтауға және табанға түсетін соққыны жұмсартуға көмектеседі. Нәтижесінде бұлшықеттер мен дәнекер тіндерге түсетін жүктеме азаяды. Ортопедтердің пікірінше, ұзақ мерзімде бұл тепе-теңдікті сақтауға арналған бұлшықеттердің әлсіреуіне әкелуі мүмкін, ал бұл жарақат қаупін арттырады.
Тағы бір теория табандағы жүйке ұштарына әсер ету арқылы ағзаның жалпы жағдайын жақсартуға болады деген болжамға негізделген. Бұл идеяның түп-тамыры ғылыми дәлелі толық расталмаған қытай халық медицинасының бағыты – акупунктураға байланысты.
Жалаңаяқ жаттығу керек пе?
Бұл сұраққа нақты бір жауап жоқ. Егер мақсатыңыз тобық, табан сүйектері жарақатының алдын алу болса, жалаңаяқ жаттығудың орнына, табан сүйектері мен буын-байламдарды нығайтатын қосымша жаттығулар жасау тиімдірек. Мысалы, аяқтың ұшына көтерілу, созылу және башпайларды бүгу жаттығулары жеткілікті.
Соған қарамастан, жалаңаяқ жаттығудың белгілі бір пайдасы бар екені туралы деректер бар. Әртүрлі аяқ киімде және жалаңаяқ жағдайда жүктеме әртүрлі бөлінеді. Мысалы, спортзалға арналған кейбір кроссовкаларда аздаған өкше болады, бұл тепе-теңдікті жоғалтпай тереңірек отырып-тұруға мүмкіндік береді. Ал аяқ киімсіз отырып-тұру қосымша бұлшықет топтарын іске қосады. Мұны 2013 жылы АҚШ-та жүргізілген зерттеулердің бірі растайды.
Ал қауіптері бар ма?
Иә, қауіптері бар. Біріншісі – жарақат алу. Аяқкиім табанды физикалық зақымданудан қорғайды: мысалы, залда бір нәрсеге соғылып, саусақты сындырып алу немесе кесіп алу қаупі кроссовка кигенде әлдеқайда төмен.
Екіншісі – гигиена мәселесі. Фитнес орталықта саңырауқұлақ жұқтыру ықтималдығы аса жоғары болмаса да, бар. Сондықтан көптеген спорт залдары бұл жаңа трендке жауап ретінде келушілерден кем дегенде шұлық киюді талап етеді. Бұл – орынды сақтық шарасы, әсіресе кейбір спорттық киім өндірушілері дәл осындай мақсатқа арналған арнайы шұлықтар шығара бастағанын ескерсек.
Аяқ киімсіз спортпен шұғылдану тепе-теңдікті сезінуді, табан бұлшықеттерінің күшін дамытуға көмектеседі және соның нәтижесінде жарақат алу қаупін азайтады. Дегенмен үнемі жалаңаяқ жаттығу міндетті емес. Бірнеше жаттығуды ғана кроссовкасыз орындау жеткілікті. Ал ең дұрысы, аяққа тым болмағанда шұлық киіп жаттығу.
Дайындаған: А. Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


