Көптеген мемлекеттер субсидиялау тетіктерін көбейту және жалға берілетін үйлер салу арқылы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға күш салып жатыр.
фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
Қазіргі таңда адамзат бетпе-бет келіп отырған мәселелердің бірі – баспана тапшылығы. Себебі, кейбір елдерде ғана емес, тұтас дүниежүзінде тұрғын үй саясатының ахуалы күрделенген. Кейбір елдердегі жағдайлардың айырмашылығы болғанымен, баспана бағасының өсуі, тұрғынүйге деген қолжетімділіктің төмендеуі сынды ортақ мәселелер бар. Мұндай жайсыз жағдайлар әсіресе ірі мегаполистерде анығырақ байқалады. Сонымен қатар, тұрғынүй саласында үй бағасының табыстан да жылдам көтерілуі, жалдау құнының күрт артуы, орташа жалақы алатындар мен жастар үшін баспаналы болудың қиындай түсуі секілді проблемалар күрделеніп барады. Тіпті кейбір мемлекеттерде тұрғындардың ірі қалаларға көптеп көшуі және құрылыс жабдықтарының қымбаттауы себебінен жаңадан салынған пәтерлер сұранысты қанағаттандыра алмайды. Баспаналы болудың қиындауына ипотека алудың күрделенуі, пайыздық мөлшерлеменің көбеюі сынды жағдайлар да кері әсерін тигізуде. Сондықтан, көптеген мемлекеттер субсидиялау тетіктерін көбейту және жалға берілетін үйлер салу арқылы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға күш салып жатыр.
Аталған проблемалар мен үрдістер Қазақстанға да тән. Қазақстанда да үй бағасы қымбаттады, жалдамалы пәтерде күнелтетіндер көп және әсіресе мегаполистерде ұсынысқа қарағанда сұраныс жоғары.
Дей тұрғанмен, соңғы жылдарда еліміздегі тұрғынүй саясаты ерекше серпінмен алға жылжып келеді. Ашық дереккөздердегі ақпараттарға сүйенсек, былтыр жалпы көлемі 20 миллион шаршы метрден аса баспана пайдалануға беріліп, құрылыс көлемі едәуір артқан екен. Бұл елімізде жыл сайын жүз мыңдаған баспаналар өз иесін тауып жатыр деген сөз. Тұрғын үй қоры да уақыт өте келе молаю үстінде. Отандастарымыздың пәтер алуына мүмкіндік беретін «Отбасы банк» бірыңғай жүйесі мен «Наурыз», «Отау» секілді мемлекеттік бағдарламалар да саладағы көрсеткіштердің жақсаруына ықпал етіп жатыр. Оның үстіне 2025 жылы жалға берілетін арендалық баспаналарды жекешелендіру тетігі қарастырылып, мыңдаған азамат бағдарламаның игілігін көрді. Арнайы сертификаттар беру, яғни тұрғын үй алуға алғашқы жарна төлеу жүйесі де жемісін беріп жатыр.
Тарқатып айтар болсақ, былтырғы жылы он бес мыңнан астам қазақстандық арендалық пәтерлерін жекешелендірген екен. Оның ішінде тоғыз мың азамат баспананы тегін алған. Ал, он бір мыңнан аса тұрғын жалдамалы пәтер ақысының бір бөлігін мемлекет тарапынан субсидиялау жеңілдігін қолданған. Бұл жеңілдікті қаратыру үшін ел қазынасынан 7 миллиард 600 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Биыл да шамамен он бір мың қазақстандық субсидияның игілігін көретін болады. Сондай-ақ, былтыр 1700-ден астам азаматтың пәтер алуға қажетті алғашқы жарнасын арнайы сертификат арқылы беру жұмыстарына 2 миллиард теңге қаралған. Ал, 2026 жылы бұл салаға 4 миллиард 300 миллион теңге бағытталып, 3500 азаматқа сертификат берілмек. Бұл ақпараттарды жыл басында министрлікке қарасты комитеттің төрағасы Жүнісбеков Бақытжан ОКҚ алаңында өткен баспасөз жиынында айтқан болатын.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің жыл басындағы ресми ақпараттарына сүйенсек, еліміздегі тұрғын үй қорында 59 мыңға жуық көпқабатты нысан бар екен және олардың 64 пайызға жуығы ғана қанағаттанарлық деңгейде. 2500-нан астамы тозған болса, мыңға жуығы апатты күйде, ал 18 мыңға жуығын күрделі жөндеуден өткізу керек.
Тағы бір айта кетерлік ақпарат – шілде айының бірінен бастап елімізде жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Бұл құжаттағы ережелерге сәйкес, Қазақстандағы тұрғынүй саясатын жоспарлы түрде дамыту, мемлекеттік қолдау көрсету жұмыстарын жүзеге асыру және саланы сандық форматқа көшіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жоспар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында іске асырылмақ. Бұл жайында Өнеркәсіп және құрылыс министрі 10 наурыз күні өткен Үкімет отырысында мәлімдеді.
Ведомство басшысының отырыстағы сөзіне сүйенсек, Президенттің сайлауалды бағдарламасына сәйкес, ел Үкіметі белгіленген мерзімде жалпы ауданы 111 миллион шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салу жоспарын орындау қажет. Қуантарлығы – еліміздегі тұрғыүй құрылысының көлемі соңғы 3 жылда межеден асып түскен. Тіпті былтыр қолданысқа берілген баспаналар көрсеткіші бойынша рекорд тіркелген. Ал, биыл жоспарға сәйкес, жалпы көлемі 18 миллион 500 мың шаршы метр баспана ел игілігіне берілмек. Салаға салынатын инвестиция мен мемлекеттік қолдау көлемі артатын болса, биылғы көрсеткіш те межеден асып түсуі ғажап емес. Сондай-ақ, министр құрылыс жұмыстарына қосымша қаржы бөлу, дайын баспаналарды тікелей сатып алу және мемлекеттік қолдаулар аясын кеңейту жұмыстары атқарылып жатқанын атап өтті.
Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, былтыр үй кезегіндегі азаматтар игілігі үшін 14500 арендалық пәтер сатылып алынған және 14000-нан аса ипотекалық пәтер салынған екен. Одан бөлек, тұрғынүй құрылысына арналған 10500 жер теліміне инфрақұрылым жүйелері жүргізіліпті. 5000-нан аса азаматқа жеңілдетілген ипотекалық несие, ал 8600 азаматқа «Наурыз», «Наурыз-Жұмыскер» мемлекеттік бағдарламалары аясында кредит берілген.
Министр Үкімет отырысында жаңа кодекстегі өзгерістерге де тоқталып өтті. Оның айтуынша, ендігі кезекте құрылыс материалдарының пайдаланудан іске жаратуға дейін есепке алынып, салаға заманауи сандық жүйелерді енгізуге басымдық берілетін болады. Одан бөлек, тұрғын үйдің қауіпсізідігін қамтамасыз етіп, сапасын көтеру үшін құрылыс жүргізуге рұқсаты бар тұлғалардың цифрлық тізімі жасақталып, оларға сертификат беру жүзеге асырылып жатыр. Оған қоса, ведомство құрылыс нормаларын халықаралық стандарттармен салыстыра отырып әзірлеуді қамтамасыз ететін институт құруды жоспарлап отыр. Жалпы, салаға серпін беру мақсатында 140-қа жуық нормативтік құқықтық акті жаңартылу үстінде.
Министрлік тұрғын үй құрылысы саласын цифрландыру жұмыстарына да ерекше мән беріп, құрылыс жұмыстарын жоспарлау, сараптау және бақылау жүргізу жұмыстарын біріктіретін Qportal.kz бірыңғай құрылыс порталын құрды. Сонымен бірге, процестерді бір арнаға тоғыстыру мақсатында қала құрылыстарына арналған сандық жүйе жұмыс істеп жатыр. Бұл жүйеде қазірдің өзінде Қазақстандағы тоқсанға жуық қаланың құрылысы мен инфрақұрылымдық желілері туралы ақпараттар бар. Аталған ақпараттық жүйе арқылы бүгінге дейін жергілікті билік өкілдері рұқсат беру, жобаларды келісу сынды 150 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетіп үлгерген. Министрлік белгілі бір қызметтер аясында қажетті құжаттарды түгендеу ісіне жасанды интеллектіні қолдануды да іске асырмақ. Министрдің ойынша, мұның барлығы тұрғын үй саясатын үздіксіз, ашық әрі әділетті дамытуға мүмкіндік береді.
Б.Мейірханұлы,


