Жаңадан құрылған үш облыста құрылыс саласы жанданып келеді

0
285

Нәтижесінде үш өңірдің экономикасында оң өзгерістер айтарлықтай жетерлік.


Жаңадан құрылған үш облыста құрылыс саласы жанданып келеді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазіргі таңда Қазақстан экономикасындағы барынша қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі құрылыс деп айтуымызға әбден болады. Өз кезегінде құрылыс саласы ел экономикасы өсімінің басты драйвері саналатыны анық. Елімізде соңғы жылдары тұрғындардың сапалы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында барлық өңірде әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысына баса назар аударылып отыр.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы құрылыс саласындағы өсім 11,2 пайызға жетті. Нәтижесінде 15,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың қорытындысы бойынша 16,8 пайызға жоғары. Ал, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары көш бастап тұр.
Бұл бағыттағы жұмыстар Үкіметтің ерекше бақылауында. Бұдан бөлек, халықты тұрғын үймен қамту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік топтарына арналған коммуналдық тұрғын үй құрылысы, ипотека, кепілдік беру және несиелік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру жұмыстары қолға алынған.
2020 жылы кезекте тұрған адамдардың әлеуметтік осал санаттары үшін сатып алу құқығынсыз 3,8 мың жалға берілетін пәтер салынды. Сонымен қатар, тағы 4 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтылды. Одан бөлек, жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтатын болсақ, «жастар жылында» Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жастардың тұрғын үй мәселесін шешу бойынша нақты шаралар қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыстар қазіргі уақытта да өз жалғасын табуда.
Ендеше елімізде жаңадан құрылған облыстарда құрылыс саласы қалай дамып жатқанына көз жүгіртейік.
Ең алдымен, Жетісу облысында осы бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталайық.
"Жетісу облысы - 2022 жылдың 8 маусым айында құрылған Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы облысы. Әкімшілік орталығы – Талдықорған қаласы. Жетісу облысы оңтүстігінде Алматы, солтүстік-батысында Балқаш көлі арқылы Қарағанды, солтүстігінде Абай облыстарымен, шығысында Қытай Халық Республикасымен шектеседі".
Өткен жылы Жетісу облысының құрылыс басқармасына бөлінген қаржы көлемі 47,9 миллиард теңгені құрады. Аталған қаражатқа 400-ден астам нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде ұлттық қор есебінен 5,3 миллиард теңге, республикалық бюджеттен 8,4 миллиард теңге және жергілікті бюджеттен 23,8 миллиард теңге қаралды.
Атап айтатын болсақ, 2022 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 290,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 20,3 мың шаршы метрі бюджет қаражатынан, 46,3 мың шаршы метрі жеке құрылыс салушылардан және 223,9 мың шаршы метрі жеке тұрғын үй құрылысы есебінен салынды.


Сонымен қатар, бюджет қаражаты есебінен жалпы ауданы 20 267 шаршы метрді құрайтын 320 пәтерден тұратын 60-қа жуық үй қолданысқа берілді.
Ал, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 290,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Облыс аумағында әлеуметтік нысандардың құрылысына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Нақтырақ айтатын болсақ, өткен жылы 10-ға жуық денсаулық сақтау нысанының құрылысына 1,9 миллиард теңге, 20-ға жуық білім беру нысанының құрылысына 17,744 миллиард теңге бөлінді. Бұл тізімде 12 мектеп, 1 ас-блогі, 1 лагерь, 1 колледж және 1 жатақхана бар. Сондай-ақ, 10 спорт нысанының құрылысына 4,073 миллиард теңге, ал мәдениет нысандарының құрылысына жергілікті бюджет есебінен 240 миллион теңге бөлінді.
Ал, биылғы жылы құрылыс саласына республикалық бюджеттен 3,1 миллиард теңге, ұлттық қор есебінен 5,8 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 27,2 миллиард теңге қаралды. Жалпы алғанда 2023 жылға бөлінген қаржы көлемі 36,1 миллиард теңгені құрады.
Осы бөлінген қаражатқа 350-ден астам нысанның құрылысы жоспарланып отыр. Тарқатып айтар болсақ, биыл 120 нысан, қалған 232 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі.
Құрылысы жоспарланған тізімде 15 білім беру нысаны, 5 денсаулық сақтау нысаны, 274 тұрғын үй нысаны, 31 инженерлік желілер нысаны, 6 коммуналдық шаруашылық нысаны, 3 мәдениет нысаны, 11 спорт нысаны, 5 ауыл шаруашылығы нысаны, 2 өрт сөндіру бекеті нысаны бар.
Бұдан бөлек, 150-ге жуық нысанды жобалау жұмыстары жоспарланған. Атап айтсақ, 21 денсаулық сақтау нысаны, 32 тұрғын үй нысаны, 11 білім беру нысаны, 1 әлеуметтік нысан, 31 инженерлік желілер нысаны, 24 коммуналдық шаруашылық нысаны, 3 ішкі істер нысаны, 7 мәдениет нысаны, 8 спорт нысаны, 5 ауыл шаруашылығы нысаны қарастырылған.
Ең алдымен өңірдегі білім беру нысандарының құрылысы туралы сөз қозғайық. 2023 жылы облыс аумағында 11 мектеп, 1 ас-блогі, 1 лагерь, 1 колледж және 1 жатақхана салу жоспарлануда. Жалпы биылғы жылға жоспарланған 15 нысанның құрылысына 9,9 миллиард теңге бөліді. Оның ішінде жергілікті бюджеттен 5,7 миллиард теңге қарастырылып отыр.
2023 жылы 10 нысанды іске қосу жоспарланып отыр.
Бұл тізімде:
- Көксу ауданының 10 жыл Казақстан ауылында 25 орындық шағын орталығы бар 120 орындық орта мектеп салу;
- Сарқан ауданының Бірлік ауылында 25 орындық шағын орталығы бар 120 орындық мектеп салу;
- Теректі ауылындағы 25 орындық шағын орталығы бар 80 орындық мектеп құрылысы;
- Көксу ауданы Бесқайнар ауылында 25 орындық шағын орталығы бар 120 орындық орта мектеп салу;
- Ақсу ауданы Сағакүрес ауылында 120 орындық негізгі жалпы білім беретін мектептің құрылысы;
- Талдықорған қаласы Ынтымақ ауылындағы 1200 орындық мектеп құрылысы;
- Қаратал ауданының Үштөбе қаласында 30 орынға арналған жатақханасы бар 100 орынға арналған гуманитарлық колледж салу;
- «Жалын» лагерін қайтадан жаңғырту;
- Талдықорған қаласындағы музыка колледжі үшін 100 орындық жатақхана салу;
- Көксу ауданы Мамбет ауылындағы мектеп-интернат ғимаратына асхананы кеңейту құрылысы бар.
Ал, қалған 5 мектептің нысаны 2024 жылға өтпелі. Нақтырақ тоқталатын болсақ, Алакөл ауданы Достық ауылындағы 600 орындық орта мектептің құрылысы, Панфилов ауданы Жаркент қаласында 1200 орындық орта мектеп салу және Ақсу ауданы Қошкентал ауылында 75 орындық шағын орталығы бар 180 орындық жаңа мектеп құрылысы, Қаратал ауылында 25 орындық шағын орталығы бар 120 орындық орта мектеп пен Ақсу ауданы Көлтабан ауылында 25 орындық шағын орталығы бар 120 орындық жаңа негізгі жалпы білім беретін мектептердің құрылысы келесі жылға ауыспалы.
Өз кезегінде бұл құрылыс жұмыстары мектептердегі орын тапшылығын шешу мақсатында жүзеге асырылып жатыр.
Өңірде тұрғындарды сапалы медицинамен қамту мақсатында денсаулық сақтау нысандарының құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Өткен жылы бес денсаулық сақтау нысанының құрылыс жұмыстарына 1,3 миллиард теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар биылғы жылы да өз жалғасын табуда.
Атап айтсақ, жыл соңына дейін Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана, Ақсу ауданы Сағабүйен ауылында 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек, облыс аумағында спорт пен мәдениет нысандарының да қатары артып келеді. Атап айтсақ, биылғы жыл спорт нысандарының құрылысына 7,0 миллиард теңге бөлінді.
Нәтижесінде 2023 жылы Достық, Лепсі ауылдарында және Текелі қаласында ДШСК, Бескөл, үлкен Шыған, Пенжім ауылдарындағы спорт кешендері, Сарыозек ауылында және Сарқан қаласында стадиондар, Басши және Шанханай ауылдарында күрес залы, Талдықорған қаласының Орталық стадионын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Жоспар бойынша биыл 10 спорт нысанын ел игілігіне беру жоспарлануда. Ал, Талдықорған қаласының Орталық стадионын қайта жаңарту жұмыстары 2024 жылға өтпелі.
Сондай-ақ, биыл 3 мәдениет нысанының құрылысына жергілікті бюджет есебінен 2,4 миллиард теңге қаралып отыр. Ал, өңірде жыл соңына дейін Алакөл ауданының Ақжар ауылында 150 орындық ауылдық клуб, Қаратал ауданының Үштөбе қаласында акт залы бар өлкетану мұражайы, Қаратал ауданының Кальпе ауылында 200 орындық мәдениет үйі пайдалануға беріледі.
Жетісу облысында халықты баспанамен қамту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Нәтижесінде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Биылғы жылға арналған жоспарлардың көлемі де ауқымды көрінеді. Тарқатып айтар болсақ, 2023 жылы 295,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Ал, бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 8,0 миллиард теңге бөлінді.
Сомен 2023 жылы облыс аумағында бюджет қаражаты есебінен 161,9 мың шаршы метр, жеке құрылыс салушылар есебінен 21,1 мың шаршы метр және жеке тұрғын үй құрылысы есебінен 112,9 мың шаршы метр құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Биылғы жылы бюджет қаражаты есебінен 2 766 пәтерлі 274 тұрғын үй салынып жатыр. Ал, 2023 жылы 1932 пәтерден тұратын 60-қа жуық үй пайдалануға беріледі. Оның ішінде 37,8 мың шаршы метрді құрайтын 20 үй жалға беріледі. Ол тізімде Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында жалпы ауданында 50 пәтерлі тұрғын үй, Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында жалпы ауданы 1 781 шаршы метрді құрайтын 10 жеке тұрғын үй, Алакөл ауданы Үшарал қаласында жалпы ауданы 5325 шаршы метрді құрайтын 60 пәтерлі тұрғын үй және екі 20 пәтерлі тұрғын үй, Панфилов ауданы Нұркент қаласында екі 80 пәтерлі тұрғын үй, Талдықорған қаласының 9-ықшам ауданында жалпы ауданы 4 599 шаршы метрді құрайтын 54 пәтерлі тұрғын үй бар.
Сондай-ақ, 121,6 мың шаршы метрді құрайтын 1504 пәтерден тұратын 40-қа жуық несиеге берілетін тұрғын үй бар.
Атап айтсақ:
- Талдықорған қаласы (26 белгі) 128 пәтерлі 5 тұрғын үй;
- Талдықорған қаласы (29 белгі) жалпы ауданы 8432 шаршы метрді құрайтын 110 пәтерлі 3 тұрғын үй;
- Талдықорған қаласы (29/1 белгі) жалпы ауданы 8432 шаршы метрді құрайтын 110 пәтерлі 3 тұрғын үй;
- Талдықорған қаласы (31 белгі) 129 пәтерлі 3 тұрғын үй;
- Талдықорған қаласы (27 белгі) жалпы ауданы 7364 шаршы метрлі 3 тұрғын үй;
- Талдықорған қаласы (3,4 белгі) жалпы ауданы 21674 шаршы метр құрайтын 308 пәтерлі 6 тұрғын үй;
- Талдықорған қаласы (5,6,7 белгі) 310 пәтерлі 8 тұрғын үй.
Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында 23,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
2023 жылы бюджет есебінен 1,9 мың шаршы метр, жеке құрылыс салушылар есебінен 4,0 мың шаршы метр, халық есебінен салынатын тұрғын үйдің құрылысы бойынша 26,6 мың шаршы метр үйді пайдалануға беру жоспарланған.
Облыс аумағында ауыл шаруашылық нысандарының құрылысы да жоспарға сай атқарылып жатыр. Атап айтатын болсақ, жыл соңына дейін Панфилов ауданындағы өсек өзеніндегі бөгеттік гидроторапты реконструкциялау, Кербұлақ ауданы Шанханай тасқын және еріген суларды жинау үшін Матай тоғанын қайта жаңғырту және Кербұлақ ауданында тасқын және еріген суларды жинау үшін тоғанды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.
Ал, Талдықорған қаласындағы суару желілері мен Қаратал ауданындағы суару желілерін реконструкциялау жұмыстары келесі жылға ауыспалы.
Жалпы биылғы жылы бес ауыл шаруашылығы нысандарының құрылысына 1,6 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджетттен 1,0 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 596,8 миллион теңге қаралды.
Сондай-ақ, биылғы жылы өңірде өрт сөндіру деполарының құрылысына да ерекше басымдық беріліп отыр. Кеңінен тоқталатын болсақ, 2023 жылы екі өрт деполарының құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджеттен 0,4 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде биыл Алакөл ауданы Ақши ауылындағы өрт сөндіру депосы мен Көксу ауданы Балпык би ауылындағы өрт сөндіру нысаны пайдалануға берілмек. Ал, қалған 2 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі.
Бұдан бөлек, Жетісу облысында коммуналдық шаруашылық нысандарының құрылысы да қарқын алған. Нақтырақ тоқталатын болсақ, биылғы жылы құрылысы жүргізілетін нысандарға жергілікті бюджеттен 0,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға Алакөл ауданының Алакөл көлінің қоршау бөгеті, Талдықорған қаласында арнайы мемлекеттік органға әкімшілік ғимарат, Көксу ауданы Балпық би ауылында 200 адам қабылдайтын "Азаматтарға арналған үкімет" ғимараты, Алматы облысы әкімдігінің ғимаратын реконструкциялау, және Қапал, Көксу мен Айнабулақ ауылдарында әкімшілік ғимарат салынады.
Бұлардың ішінде Көксу ауданы Балпық би ауылында 200 адам қабылдайтын «Азаматтарға арналған үкімет» ғимараты, Алакөл Көксу ауылында Айнабулақ ауылында әкімшілік ғимарат салу мен Алматы облысы әкімдігінің ғимаратын реконструкциялау жұмыстары биыл бітеді. Ал, Алакөл көлінің қоршайтын бөгеті мен Талдықорған қаласында арнайы мемлекеттік органға әкімшілік ғимарат салу жұмыстары келесі жылы аяқталады деп жоспарлагнып отыр.
Сонымен қатар, өңірде инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы да басты назарда. Осы мақсатта 30-дан астам нысанның құрылысына республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде биылғы жылы 20-дан астам нысан пайдалануға беріледі. Ал, қалған 8 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі.

Келесі кезекте Ұлытау облысының көрсеткіштеріне көз жүгіртейік.
"Ұлытау облысы — 2022 жылдың 8 маусым күні құрылған Қазақстанның орталығындағы облыс.Әкімшілік орталығы – Жезқазған қаласы. Ұлытау облысы оңтүстігінде Түркістан, оңтүстік-батысында Қызылорда, оңтүстік-шығысында Жамбыл, батысында Ақтөбе, солтүстік-батысында Қостанай, солтүстігінде және шығысында Қарағанды облыстарымен шектеседі".
Өзге өңірлер секілді Ұлытау облысында да тұрғындардың сапалы өмір сүруіне арналған жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде халықты қолжетімді баспанамен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтсақ, өңірде биыл 1 600 пәтерге арналған 28 үйдің құрылысы басталады. Сонымен қатар, 14 үй мемлекеттік бюджет есебінен, 10 үй жеке инвестициялар есебінен және тағы 4 үй «Қазақмыс» корпорациясы есебінен салынады.

Өткен жылы облыста 57 129 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс жұмыстарының көлемі 106,2 миллиард теңгені құрады. Ал, биыл 111,5 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарлануда.
2022 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамту мақсатында Ұлытау ауданында 15 жалдамалы пәтер, Жаңаарқа ауданында 3 пәтер сатып алынды. Ал, биыл осы мақсатта 100-ден астам пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 1 миллиаррд теңге бөлуге өтінім берілген.
Сондай-ақ, облыс орталығы Жезқазған қаласында 1800-ге жуық пәтерді қамтитын үш жаңа шағын аудан салынады. Жеке тұрғын үй құрылысына 1 мың учаске бөлінеді. Аталған жұмыстарға 62 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталады. Сонымен қатар, Жезқазған мен Сәтбаев қаласындағы апатты үйлерді жаңарту жұмыстары жүргізіледі.
Одан бөлек, облыс аумағында 400 апатты үй бар. Осы мақсатта өңірде тозығы жеткен және апатты жағдайдағы көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарына басымдық беріліп отыр.
Өңірде тек қана тұрғын үй мәселесі ғана емес, әлеуметтік нысандардың құрылысы да жоспарға сай жүргізілуде. Атап айтатын болсақ, өңірде әлеуметтік салада 50-ге жуық жаңа нысан салынбақ. Оның ішінде Жезқазған қаласындағы перинаталдық орталық, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарындағы 14 фельдшерлік-акушерлік пункт, 9 мектеп, 4 оқушылар сарайы, 5 балабақша, 10 спорт нысаны және басқалары бар. Бұдан бөлек, 30-ға жуық білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеуден өткізіледі.

Абай облысында да құрылыс саласы қарыштап дамып келе жатыр десек артық айтпаған болар едік.
"Абай облысы - 2022 жылы құрылған Қазақстанның шығысындағы облыс. Әкімшілік орталығы – Семей қаласы. Абай облысы оңтүстігінде Жетісу, солтүстік-батысында Павлодар, батысында Қарағанды, солтүстік-шығысында Шығыс Қазақстан облыстарымен, оңтүстік-шығысында Қытай Халық Республикасымен, солтүстігінде Ресей Федерациясымен шектеседі".
Абай облысында тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді медицинамен қамту бағытында денсаулық сақтау нысандарының құрылысына көбірек көңіл бөлінген. Бұл бағыттағы жұмыстар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл-Ел бесігі», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Жайлы мектеп» сынды ұлттық жобалар аясында жүзеге асырылуда.



Тарқатып айтар болсақ, биыл өңірде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 34 медициналық пункт, 14 дәрігерлік амбулатория және 9 фельдшерлік-акушерлік пункт салынады. Ал, жалпы аталған жоба шеңберінде 70-ке жуық нысан салу жоспарланып отыр.
Ал, білім нысандарындағы орын тапшылығын жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10-нан астам мектеп салынады. Оның 5-еуінің құрылысы биылғы жылы басталмақ. Аталған бес мектептің екеуі Қарағайлы ықшам ауданыны мен Водный кентінде бой көтереді. Сондай-ақ, Аягөз қаласында 600 орындық, Ақсуат пен Бесқарағай аудандарында 300 орындық білім беру нысандарының құрылысы басталады.
Ал, келесі жылы ұлттық жоба аясында тағы 6 мектептің құрылысы жалғасады. Жалпы 11 мектептің құрылысын екі жыл ішінде аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Одан бөлек бірнеше мектептің жанынан 600 оқушыға арналған қосалқы ғимараттар салынбақ.
Абай облысында тұрғын үй құрылысы да қызу жүргізілуде. Өткен жылы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 85 шаршы метрлі 10 пәтер, 65 шаршы метрлі 6 пәтер салынған. Осы мақсатта биылғы жылы да 85 шаршы метрлі 26 пәтер салынуда. Сондай-ақ, Үржарда аз қамтылған отбасыларға, жетім балаларға, I және II топтағы мүгедектерге 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 2022 жылы баспанаға мұқтаж 30 азаматқа, кезекте тұрған 1, 2 топтағы мүгедектерге, мүгедек бала тәрбиелеп отырған, толық емес, тұрғын үйі апатты деп танылған отбасыларға пәтер кілті табысталды.
Ал, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Аягөз қаласының Қабанбай батыр көшесінің бойында салынып жатқан екі бес қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Баспана кілттері «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға несиеге берілетін болады.
Бұдан бөлек, құрылысы өткен жылы басталған 20-ға жуық несиелі тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Осы жылы облыс аумағында тағы 22 несиелі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып отыр. Оның ішінде 19 тұрғын үй Семей қаласында, 1 тұрғын үй Курчатов қаласында, 2 тұрғын үй Аягөз қаласында бой көтеретін болады.
Жалпы облыс аумағында 2023 жылы 450,270 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Ал, өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 16 034 шаршы метрді құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 71 шаршы метрге көбейді.
Жалпы алғанда өткен жылы құрылған үш облыста да құрылыс саласы қарыштап дамып келеді деп айтуға болады. Нәтижесінде үш өңірдің экономикасында оң өзгерістер айтарлықтай жетерлік. Жаңадан құрылған облыстар алдағы уақытта еліміздегі қуатты өңірлердің қатарына қосылады деп сенеміз.

ERNUR.KZ.