Жаңаөзендегі газ жарылған үй тұрғыны қаза болды

0
1 345

Жаңаөзеннің Рахат ауылындағы жер үй газ жарылысынан өткен жұмада зардап шеккен


Жаңаөзендегі газ жарылған үй тұрғыны қаза болды

фото: lada.kz

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында газ жарылысынан қираған үйдің ауруханада жатқан тұрғындарының бірі Берік Қалымбетов 22 қараша күні түске қарай көз жұмды. Бұл туралы Азаттыққа оның қарындасы Баян Қалымбетова мәлімдеді, деп жазады azattyq.org.

"Сағат бірлердің шамасында естідік. Астанадан дәргерлер келген. Бізге дәрілерді көтере алмағанын айтты. Жерлеуі сенбі күні болады", - деді ол.

Бұған дейін Жаңаөзен қалалық ауруханасының бас дәрігері Мұрат Сариев 29 жастағы Берік Қалымбетовтің 17 қараша күні Ақтаудағы облыстық ауруханаға санавиациямен жеткізілгенін мәлімдеген. Ол зардап шеккен жігіттің денесінің 54-56 пайызын күйік шалғанын, жағдайының "ауыр да тұрақты" екенін айтқан.

Қаза болған жігіттің анасы Ханым Күмісбаева да сәрсенбі күні облыстық ауруханаға түсті. Баян Қалымбетова оның "өн бойының сау тамтығы қалмағандықтан" томографиялық зерттеу жасаудың мүмкін болмағанын айтты.

"Анамның да жағдайы ауыр",- деді Баян Қалымбетова.

Жаңаөзен қалалық ауруханасының бас дәрігерінің сөзінше, 56 жастағы Ханым Күмісбаеваның денесінің 20-22 пайызын күйік шалып, қол-аяқ сүйектері сынған, бас сүйегінде жабық жара бар.

Жаңаөзеннің Рахат ауылындағы жер үй газ жарылысынан өткен жұмада зардап шеккен. Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала болжамы бойынша жарылысқа газ кету себеп болған. Төтенше жағдай қызметкерлері үш адамның жараланып, үйінді астынан табылған 56 жастағы әйел мен оның 29 жастағы ұлының ауруханаға жеткізілгенін айтқан болатын.

Кейін қарашаның 18 күні Facebook әлеуметтік желісіне пайдаланушылардын бірі видео салып, онда әйел адам жарылыс болғаннан кейінгі жағдайды сипаттаған. Видеодағы әйел адам жарылыстың құзырлы орындар хабарлағандай "үй ішінен газ кетуі емес, жол бойындағы газ құбырлары ақауынан кетіп жатқанын" көрсеткен. Бұл ақпараттан соң билік пен құзырлы орындар брифинг өткізіп, комиссияның жарылыстың себебін тексеріп жатқанын, зардап шеккендерге көмек көрсетілгенін мәлімдеген болатын.

Жаңаөзендегі газ жарылысынан зардап шеккен Сисенбай Қалымбетов және оның қызы Баян. Ақтау, 20 қазан 2018 жыл