32 жастағы ер адам пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілген.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысындағы жанармай құю станциясында мотоцикл жүргізушісін ер адам пышақтап кетті. Оқиға сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап жатыр, деп жазады baq.kz.
Бейнежазбада мотоцикл жүргізушісінің жанармай колонкасына қарай келе жатқаны, артынан белгісіз ер адамның ілесіп жүргені көрінеді. Бір сәтте әлгі ер адам қалтасынан пышаққа ұқсас затты шығарып, мотоциклшіні бірнеше рет ұрады.
Болжам бойынша олардың арасында бұған дейін жанжал болған. Бірақ видеодан байқалғандай, шабуылдаушының мұндай әрекетін мотоцикл жүргізушісі күтпеген.
Оқиға Жамбыл облысы Меркі ауылы маңындағы АЖС-те болған. Шабуыл жасаған адам ақ түсті көлікке отырып, оқиға орнынан ізін суытқан.
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 32 жастағы ер адам пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілген.
2025 жылғы 13 сәуірде сағат 16:10-да Меркі аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Диагноз: оң жақ кеуде қуысы мен бел тұсынан пышақпен кесілген жарақат. Алғашқы медициналық көмек көрсетілді, жарақаттарға тігіс салынды, – делінген басқарма мәлімдемесінде.