Жанболат Ағаділ өлімі: полиция қылмыстық іске қатысты ақпарат жариялады

0
800

Күдікті мен Жанболат Ағаділ бір-бірімен таныс болмаған.


Жанболат Ағаділ өлімі: полиция қылмыстық іске қатысты ақпарат жариялады

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті Жанболат Ағаділдің өлімі мен бұзақылық бойынша қылмыстық істі жүргізіп жатыр. Бұл іске байланысты үш адам қамауға алынды, тергеу жүргізілуде, деп жазады sputnik.kz.

"Үш күдікті, соның ішінде Ағаділге пышақ сұққан адамға қатысты қамауға алу санкциясы қолданылды. Айғақ заттар алынды, сараптама тағайындалды", - деді Шыныбеков брифингте.

Ол қылмыстық істің мән-жайын айтып берді.Оның айтуынша, 7 қараша күні сағат 23 шамасында Көктал шағын ауданында, кейін Талапкер ауылында жігіттер арасында жанжал туындаған. Бойжеткен себеп болған. 23.00 шамасында Ағаділов достарымен бірге бірнеше көлікпен Көкталға барған. Оларды бір топ жігіт күтіп тұрды.

"Төбелеске 5 адам қатысқан. Олардың біреуі жеңіл жарақат алды. Ал Ағаділовке пышақ сұғылды, жүрегіне зақым келді", - деді Шыныбеков.

Күдіктілер екі көлікке отырып, жасырынған. Бірнеше сағаттан кейін олардың аты-жөні анықталып, қамауға алынды.

Журналистердің сауалдарына жауап берген Шыныбеков күдікті мен Жанболат Ағаділ бір-бірімен таныс болмағанын айтты.

Іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) бойынша тергеліп жатыр. Күдікті 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Кешірім сұрады

Осыдан бес күн бұрын желіде қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің ұлы - Жанболат Ағаділді өлтірді деген күдіктінің видеосы тарады. Ол марқұмның жақындарынан кешірім сұрады.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, видеода 1999 жылы туған Өміржан Рахмет. Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның суреті пайда болған еді. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті бұл ақпаратты растамады. Алайда жоққа шығармады.

Оның түсініктемесіне қарағанда, видеоролик 11 қарашада түсірілген болуы мүмкін.

"Осыдан бір жыл бұрын ата-анаммен бірге Астанаға (Нұр-Сұлтан) жұмысқа келдім. Кеше (10 қараша) досым өзімен бірге бір іске баруымды өтінді. Мен келістім. Біреуді ұрып, өлтіремін деген ниет болған жоқ", - деді видеодағы жігіт.

Бірақ ол өзімен бірге пышақ ала барғанын жасырмады. Оқиға орнына жеткен кезде төбелес басталып кеткен.

"Оның Жанболат Ағаділ екені қазір мәлім болып жатыр. Ол балаларды танымаймын, қасым емес. Байқаусызда қашып бара жатып, пышақ тықтым", - деді күдікті.

Ол марқұмның жақындарынан кешірім сұрады.

Адвокат сыны

Белгілі адвокат Абзал Құспан Жанболат Ағаділдің өліміне қатысты тараған видеоға пікір білдірді. Ол Жанболат Ағаділдің өліміне байланысты полиция ғимараты ішінде түсірілген және ел арасында таратылған видеоны толығымен заңсыз деп санайтынын айтты.

"Себебі, тергеу органдары қолданыстағы қылмыстық-процестік кодекстің шеңберінде ғана әрекет етуге құқылы. Ал қылмыстық-процестік кодекстің нормаларында адвокаттың қатысуынсыз, полиция ғимаратының ішінде, тергеу әрекеттерінен тыс азаматты мойындатып, видео дайындап, ел арасына тарату туралы норма мүлдем қарастырылмаған", – деді Құспан.