Осы орайда министр педиатр болып істегенде жасаған алғашқы дәрігерлік қателігін еске алды.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният педиатр болып істегенде жасаған алғашқы дәрігерлік қателігі туралы айтты, деп жазады sputnik.kz.
Бүгін мәжілісте министр дәрігерлік қателік үшін қылмыстық жазаны жеңілдетуге арналған заң жобасын таныстырды. Ал дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі арқылы денсаулығына зиян келген пациенттерге өтемақы төлеу жоспарланып отыр.
Осы орайда министр педиатр болып істегенде жасаған алғашқы дәрігерлік қателігін еске алды.
"Мен өзімнің алқашы қателігімді ешқашан ұмытпаймын. Ішек инфекциясы бар баланы емдедім, температурасы қалыпқа келген сияқты, бәрі жақсы болған. Үшінші күні дене қызу күрт көтеріліп кетті, түрі бозарып кетті. Сонда әріптестерімнен кеңес сұрадым, оны бірге қарадық. Сөйтсе, мен ішек инфекциясын емдеп жүрсем, балада пневмония болған", - дейді Ғиният.
Айтуынша, сол кезде бала жансақтау бөліміне түскен.Педиатр қызметіндегі ол қатты алаңдады. Пациент жансақтау палатасынан шықпайынша жанында болды.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Қазақстанда жыл сайын дәрігерлік қателік бойынша 300 қылмыстық іс қозғалады. Ал заң жобасы аясында дәрігерлердің қателігі үшін қылмыстық жазаны жеңілдетуді де ұсынылып отыр.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 317-бабының санкциялық шаралары - денсаулыққа байқаусызда орташа және ауыр зиян келтіргені үшін айыппұл мөлшерін және қамауға алу мерзімін азайтау, денсаулығына ауыр зиян келген немесе пациент қайтыс болған жағдайда бас бостандығын айыру жазасының мерзімін қайта қарап, бас бостандығын шектеуге ауыстыру бастамасы көтерілді.