Бұл туралы ведомствоның бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев айтты.
Фото: /turkystan.kz
ERNUR.KZ. Ол қажет болған жағдайда, тергеуге қосымша көмек көрсетуге де дайын екенін білдірді, деп жазады inbusiness.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі әскери қызметте жүріп ауыр жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты қауесеттерге жауап берді.
– Науқас 3 жыл бұрын ауыр бас-ми жарақатын алған. Сол жарақаттың салдарынан вегетативтік күйге түсті. Осы уақыт ішінде дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу және жағдайын жақсарту үшін бар күшін салды. Емдеу және оңалту шаралары жүргізілді, Түркияда да ем қабылдады. Өкінішке қарай, шамамен бір ай бұрын науқастың жағдайы күрт нашарлап, қосымша инфекция қосылды. Кейін ол сепсиске ұласып, бұрынғы ауыр бас-ми жарақатының салдарымен бірге көп ағзалық жеткіліксіздік дамыды. Осы асқынулардың салдарынан науқасты аман алып қалу мүмкін болмады.
Науқасқа көрсетілген медициналық көмекке келсек, дәрігерлер барлық қажетті емдеу шарасын толық көлемде жүргізді. Қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілді, мамандар науқастың өмірі үшін соңына дейін күресті. Кейбір тараптар "дәрігерлер уақытында қарамаған", "жара іріңдеп кеткен" деген пікірлер айтып жатыр. Бұл мәселеге қатысты айтарымыз, дәрігерлер қолынан келгеннің бәрін жасады. Науқасқа қажетті медициналық көмек толық көлемде және қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес көрсетілді, – деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, бұған дейін қылмыстық іс аясында сот-медициналық сараптама жүргізілген.
– Қылмыстық іс аясында тергеу жүргізілді, Әділет министрлігі жанынан сот-медициналық сарапшылар тартылды. Егер құқық қорғау органдары қажет деп тапса, біз барлық тиісті маманды ұсынуға дайынбыз, – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Ербаян Мұхтар 2023 жылдың желтоқсанында Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде қызмет кезінде ауыр бас-ми жарақатын алған еді. Осыдан соң жансақтау бөліміне түсіп, ұзақ уақыт ем қабылдады. Қазақстандықтардың қолдауымен Түркияда оңалту курсынан өткен сарбаз 2026 жылдың 23 маусымда көз жұмды.


