Жастарға 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейін несие беріледі

0
647

Олжас Ордабаев 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар ала алатын несиенің шарттарын түсіндірді.


Жастарға 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейін несие беріледі

ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев журналистермен "галстуксіз" кездесу барысында жастарға микронесие беруді ұйымдастыру бойынша дайындық жұмыстарының барысы туралы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

Бекітілген қағидаларға сәйкес кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын, дербес кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі 5 жылдан аз болатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар микрокредит алуға үміткер бола алады.

"Микрокредиттер беруді "Аграрлық кредиттік корпорация" АҚ арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды. Қарыздың ең жоғары сомасы – кепілмен қамтамасыз етудің міндетті шартымен 5 млн теңгеге дейін. Несиелеу мерзімі мал шаруашылығын қоспағанда, кез келген мақсат үшін – 5 жылға дейін. Ал бұл қызмет бағыты үшін – 7 жылға дейін. Сондай-ақ негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген, ол микрокредиттеу мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. 2023 жылға арналған республикалық бюджетте жастарға микрокредит беру тетігін іске асыру үшін 29 млрд теңгеден астам қаражат көзделген", - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Бұл 5,8 мыңнан астам жас азаматқа несие беруге мүмкіндік береді.