Қарағанды облысында жоба басталғалы бекітілген жоспар бойынша атқарылған тындырымды тірлік көп екенін байқауға болады.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасы әзірленді. Аталмыш жоба халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға арналған. Ұлттық жоба төрт негізгі міндетті қамти отырып, өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Сонымен қоса, тұрғындардың экологиялық білімі мен мәдениетін арттыру міндеті қоса жүктелген.
Кеңінен тарқатып айтар болсақ, жобаның "Таза Қазақстан" атты бірінші бағыты атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды тұрақты басқару мен су объектілерінің экожүйелерін сақтау бойынша жүзеге асырылады. Ал, «Үнемді Қазақстан» деп аты айтып тұрған екінші бағытта суды үнемді пайдалану есебінен өнімділікті арттыру мен энергия тиімділігін арттыру мәселесі жолға қойылған. Келесі "Табиғат" бағыты бойынша 2 миллиард ағаш отырғызу мен сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру шараларын іске асыру көзделіп отыр. Ұлттық жобаның ең соңғы "Экология болашағы" бағыты білім беру жүйесіне экологиялық аспектілерді интеграциялау мен елімізде экобағдарланған ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға арналған.
Аталған бағыттар шеңберінде жүктелген міндеттер 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Аталған жылдар ішінде 60 мыңнан астам жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.
Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде «Жасыл Қазақстан» жобасы бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған. Осы тұста экологиялық жағдайы күрделі Қарағанды облысында атқарылып жатқан шаралар төңірегінде сөз қозғайық.
Қарағанды облысында жоба басталғалы бекітілген жоспар бойынша атқарылған тындырымды тірлік көп екенін байқауға болады. Оның ішінде «Экология болашағы» бағыты бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтатын болсақ, облыс мектептерінде қалдықтарды сұрыптау қажеттілігі туралы дәрістер тұрақты өткізіліп тұрады. Аталған іс-шара табиғатқа ұқыпты қарауды қалыптастыру мен халықтың экологиялық санасын жаңғыртуды көздейді. алдықтарды бөлек жинауға арналған 15 контейнер орнатылды.
Сондай-ақ, облыс аумағында экологиялық сенбіліктер де жиі ұйымдастырылып тұрады. Одан бөлек, оқу орындары мен қоғамдық орындарда экологиялық өмір салтын қалыптастыру бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар, қоқысты бөлек жинау және оны қайта өңдеуге тапсыру бойынша «Бөліп бер, тапсыр, ұқсат» экосуботнигі өткізілді Сенбілік қорытындысы бойынша 12 пластик қаптар, 3 қап металл, 4 қап шыны, 5 қап аралас қоқыс пен қақпақтар шығарылды.
Ал, ұлттық жобаның «Таза Қазақстан» бағыты бойынша № 1,2,3,4 Көгілдір тоғандар су айдындарында акция өтті. Аталған шара су айдындары мен жағалауды балықтар мен басқа да су жануарларына қауіп төндіретін тұрмыстық қоқыстардан тазарту мақсатында ұйымдастырылды. Акция барысында инспекторлар табиғат пайдаланушылармен бірлесе отырып, су қоймаларына тасталған желілерді тазарту жұмыстарын жүргізді.Содан соң, студенттер мен еріктілер бірлесе тұрмыстық қоқыстарды жинап, оларды арнайы орындарға шығарды.
Ал, «Табиғат» бағыты бойынша Қарағанды және Балқаш қалаларында ағаш отырғызу акциясы өтті. Аталмыш акция «Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бастамасымен іске асырылды. Іс-шара барысында саябақтарға терек көшеттері отырғызылды. Акцияға еріктілер, студенттер, курсанттар, мектеп оқушылары және басқа да ұйымдардың өкілдері белсене қатысты.
Түйіндей келе, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы ұлт саулығына тікелей әсер ететін бағдарламалардың бірі болатыны анық. Жоба аясында өңірлердегі экологиялық ахуал түзеліп, тұрғындардың қоршаған ортаға деген көзқарастары өзгерер деген үміт көп.