Жатақхана салғандарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі – министрлік

0
1 014

Министрлік өкілі мемлекет ғимаратты салу және қайта құру бойынша бизнес өкілдерін қолдау шаралары қолға алынғанын жеткізді.


Жатақхана салғандарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі – министрлік

ERNUR.KZ. Жатақханадан орын жетпеген студенттерге пәтер жалдауға субсидия берілмейді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілер жатақханаға орналасудың орнына пәтер жалдауға субсидия беріле ме деген сұрақ қойды. Министрліктің өкілі Ақерке Абылайхан мұндай жоспар жоқ, деп жауап берді.

«Шынында да, студенттер қазір жатақханаларға орналасып жатыр. Университеттер қонақүйлер мен жатақхана иелерімен келісімшарт жасасуда. Мұндағы бірінші талап – жатақханаларда тек студент жастар тұруы керек. Бұл жатақханаларда тұру құны 30-60 мың теңге аралығында. Әрине, арзан емес. Бірақ пәтер жалдауға қарағанда қолайлы», - деді Ақерке Абылайхан.

Сондай-ақ, министрлік өкілі мемлекет ғимаратты салу және қайта құру бойынша бизнес өкілдерін қолдау шаралары қолға алынғанын жеткізді.

«Оларға шынымен де мемлекеттік қолдау қарастырылған. Өңірлерде жатақхана салу кезінде 6 жыл бойы әрбір бала үшін 150 АЕК (517 мың теңге) мөлшерінде мемлекеттік тапсырыс өтелетін болады. Алматыда бұл сома 230 АЕК-ті (793 мың теңге) құрайды. Жатақхана ғимаратын қайта жаңартуға да қолдау қарастырылған: өңірлерде – 47 АЕК (162150 теңге), Алматы, Астана қалалары үшін – 92 АЕК (317400 теңге)», - деп толықтырды ол.

Бұған дейін Ақерке Абылайхан ақылы түрде оқитын студенттердің жатақханадан орын алуға толық құқылы екенін айтқан еді.