​«Түркістан» екі томдық энциклопедиясының таныстырылымы өтті

0
73

Әзірлеу жұмыстары 2021-2025 жылдарды қамтып, 300-ден аса ғалымның мақаласы мен зерттеуі тартылған іргелі жобаға академик Дархан Қыдырәлі жетекшілік етті.


​«Түркістан» екі томдық энциклопедиясының таныстырылымы өтті

Түркістанда қасиетті шаһардың, өңірдің тарихы мен мәдениетін, рухани мұрасы мен тарихи-танымдық құндылықтарын кеңінен танытатын «Түркістан» екі томдық энциклопедиясының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да өткен жиынға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде Түркістанның қазақ тарихындағы айрықша орнына тоқталып, жаңа кітаптың тарихи жадымызды жаңғыртудағы маңызын атап өтті.

– Бүгін қасиетті Түркістанның тарихы мен мәдениетін, рухани мұрасы мен тарихи-танымдық құндылықтарын кеңінен танытатын «Түркістан» екі томдық энциклопедиясының тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістанды «Түбі бір түркі жұртының қасиетті шаңырағы» деп атаған болатын. Түркістанның тарихи салмағы ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи мұрасымен де тығыз байланысты. Ясауи ілімі бұл өңірді күллі түркі әлемінің рухани темірқазығына айналдырды. Тарихқа көз жүгіртсек, «Түркістан» энциклопедиясы алғаш рет академик Әбдімәлік Нысанбаевтың бас редакторлығымен жарық көрген болатын. Одан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы кезеңде қала адам танымастай өзгерді. Облыс пен қала тарихына қатысты көптеген жаңа деректер ғылыми айналымға енді, жаңа зерттеулер жүргізілді. Тарихи мұраға деген көзқарас та жаңарды. Осыған байланысты киелі өлкенің тарихын жаңа деректермен толықтырып, энциклопедияны қайта әзірлеу қажеттілігі туындады. Ауқымды ізденістердің нәтижесінде тақырыптар толықтырылып, мақалалар саны екі есеге артты. Энциклопедия жаңа мазмұнда екі том болып қайта дайындалып, биыл жарық көрді. Баршаңызды осы айтулы энциклопедияның жарық көруімен шын жүректен құттықтаймын! – деген Нұралхан Көшеров құнды кітапты шығаруға атсалысқан авторларға құрмет көрсеті.

Кітаптың таныстырылымна арналған жиынды Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова жүргізіп отырды. Энциклопедияны құрастырған авторлар – тарих ғылымдарының докторы, академик Дархан Қыдырәлі мен әдебиеттанушы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты және мәдениет қайраткері Тұрдықұл Шаңбайдың мазмұнды пікірлері тыңдалды. Сонымен бірге Түркістан қаласындағы Түркия Республикасының Бас консулы Левент Гүржан, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов бастаған аға буын мен зиялы қауым өкілдері де сөз сөйледі.

Астана қаласындағы «Ғылым» баспасы әзірлеген 880 беттен тұратын екі томдық бірегей басылым Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жарыққа шықты. Жаңа энциклопедияда Түркістан ұғымы тек қазіргі Түркістан қаласы мен өңірінің тарихымен шектелмей, тарихи-мәдени және өркениеттік кеңістік аясында барынша кең ауқымда қарастырылды. Осы тұрғыдан басылым Түркістанның бүтін түркі халықтары тарихындағы орнын кешенді түрде танытуға бағытталған.

Әзірлеу жұмыстары 2021-2025 жылдарды қамтып, 300-ден аса ғалымның мақаласы мен зерттеуі тартылған іргелі жобаға академик Дархан Қыдырәлі жетекшілік етті. Жоба аясында төрт мыңнан астам атау мен ұғым қайта зерделеніп, қолда бар материалдар жаңа ғылыми деректермен толықтырылды. Бұған дейін энциклопедиялық айналымға енбеген бірқатар тұлғалар, тарихи оқиғалар, жер-су атаулары мен ұғымдар бойынша жаңа мақалалар әзірленіп, бұрынғы материалдар ғылыми тұрғыдан қайта қаралды.

Жинақталған деректерді бүгінгі зерттеулер негізінде қайта жүйелеуді және мазмұндық тұрғыдан кеңейтуді мақсат еткен екі томдық энциклопедияда Түркістан мен жалпы Түркі әлемінің бірнеше мыңжылдық тарихына қатысты материалдар толық дерлік қамтылған. Еңбекте ежелгі және ортағасырлық тарих, археология, сәулет өнері, этнография, әдебиет пен фольклор, рухани мұра, тарихи тұлғалар, елді мекендер мен жер-су атауларына қатысты ғылыми-танымдық материалдар әліпбилік тәртіппен жүйеленіп берілген.

Басылымның мазмұнын арнайы түсірілген түрлі-түсті фотосуреттер, тарихи және географиялық карталар, тарихи тұлғалардың портреттері, миниатюралар, жаңғыртпа сызбалар, археологиялық және сәулет ескерткіштерінің суреттері толықтыра түседі.

Бұған дейін 1998 жылы бір томдық «Түркістан» халықаралық энциклопедиясы шыққаны белгілі. Одан бергі 28 жыл ішіндегі ауқымды өзгерістер жаңа екі томдық басылымда толық қамтылды. Атап айтқанда, Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесіне ие болған тарихи жаңалықтар жаңа энциклопедияда көрініс тапты.

«Түркістан» екі томдық энциклопедиясы тарихшыларға, түркологтарға, археологтар мен этнографтарға, әдебиеттанушыларға, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім алушыларына, ізденушілерге, сондай-ақ Түркістан тарихы мен Түркі әлемінің мәдени мұрасына қызығушылық танытатын қалың оқырман қауымға арналған.

Бөлісу