Оқиға 19 мамырға қараған түні туыстардың бас қосуы кезінде болған.
Фото: Telegram Криминальный Казахстан
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында 26 жастағы ер адам 18 жастағы інісін өлтіріп, кейін оның жоғалғанын айтып, туыстарымен бірге іздеуге қатысқан, деп жазады stan.kz.
Оқиға 19 мамырға қараған түні туыстардың бас қосуы кезінде болған. Сот мәліметінше, жанжал кезінде 26 жастағы ер адам 18 жастағы туыс інісіне ас үй пышағымен 15 рет пышақ сұғып, кейін оны ұрып-соққан. Жігіт оқиға орнында көз жұмған.
Ер адам марқұмның денесін үй артындағы қоқыс шұңқырына көміп, кейін ұйықтап қалған.
Ең сорақысы, ол сегіз күн бойы туыстарымен бірге марқұмды іздеуге қатысқан. Тіпті әлеуметтік желіде оның жоғалғаны туралы жазбалар жариялап, туыстарының жанында іздеп жүрген. Қылмыс куәгерлердің берген жауабы арқылы ашылған.
Сот ер адамды адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 12 жылға соттады. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтейді.
Сонымен қатар сотталушыны маскүнемдік пен нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емдеуге жіберу туралы шешім қабылданды. Ол қаза болған жігіттің отбасына 12 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.
Марқұмның анасы сот үкімімен келіспей, жазаны тым жеңіл деп санайды. Ол соттан ер адамды кемінде 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.


