Жерасты суларын мемлекеттік басқарудың кешенді жүйесі кезең-кезеңімен қалыптастырылуда

0
62

Қазіргі уақытта суды үнемдеу және су үнемдеу технологияларына көшу экономиканың барлық салаларында қажеттілікке айналып отыр.


Жерасты суларын мемлекеттік басқарудың кешенді жүйесі кезең-кезеңімен қалыптастырылуда
ERNUR.KZ. Осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі саланы дамытудың стратегиялық пайымын қалыптастыру болды. Бүгінде басымдықтар, мақсаттар мен негізгі міндеттер Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында бекітілген. Бұны ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев ОКҚ брифингінде айтты.

Тұжырымдамамен қатар, базалық құжаттардың негізін Су саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары және 2026–2028 жылдарға арналған су үнемдеу жөніндегі жол картасы құрайды.

«Саланың негізгі құжаты су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды көздейтін жаңа Су кодексі болды. Осы стратегиялық ресурсты тиімді әрі ұтымды басқару мақсатында Министрлік жерасты суларын мемлекеттік басқарудың кешенді жүйесін кезең-кезеңімен қалыптастырып келеді. Осыған байланысты жерасты су ресурстарын тиімді және ұтымды басқару мақсатында 2024 жылы Министрлік базасында Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды», – деді спикер.

Қызметтің негізгі жұмысы жерасты сулары қорларын іздеу және бағалау, иесіз өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғымаларды жою және консервациялау, жерасты суларына мониторинг жүргізу, сондай-ақ суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйіне мониторинг пен бағалау жүргізуге бағытталған.

Сонымен қатар елімізде жерасты суларын кешенді пайдалану және басқарудың 2027–2040 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірленді. Қазір Тұжырымдама жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында. Тұжырымдама жобасын ағымдағы жылдың соңына дейін қабылдау күтілуде. Негізгі міндеттердің бірі - жерасты су көздерін экономиканың барлық саласында кеңінен пайдалану және инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасау.

Бүгінде еліміз жерасты су ресурстарының елеулі әлеуетіне ие. Бекітілген пайдалану қорларының көлемі 43,2 млн м³/тәулікті (15,7 км³/жыл) құрайды, оның ішінде: шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға – 21 160,2 мың м³/тәулік; өндірістік-техникалық сумен жабдықтауға – 2 394,5 мың м³/тәулік; жер суаруға – 19 607,2 мың м³/тәулік. Ресурстарды нақты пайдалану көлемі шамамен 1,5 млн м³/тәулікті немесе бекітілген қорлардың 3,5%-ын құрайды. Бұл ретте жерасты суларын суару мақсатында нақты пайдалану деңгейі 2%-дан төмен.

Сонымен қатар жерасты суларының болжамды ресурстарының жиынтық көлемі 176,1 млн м³/тәулікті құрайды, бұл барланған пайдалану қорларының көлемінен төрт еседен астам артық.