Жеке тұлғалар мен бизнеске салықты жаңаша төлеуге тура келеді

0
238

Біразы үшін салық көлемі артса, енді бірі үшін керісінше, азайтылды.


Жеке тұлғалар мен бизнеске салықты жаңаша төлеуге тура келеді

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіруінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі аясында бизнес пен жеке кәсіпкерлер үшін әлеуметтік салықтың жаңа ставкалары енгізілді, деп жазады inbusiness.kz.

Тиісінше, бұл салық түрін есептеу тәртібі өзгертілді. Жаңа ережелерге сай:

Әлеуметтік салық пен әлеуметтік аударымдардың өзара байланысы жойылды, екеуі жеке-жеке есептеледі.

Осыған байланысты әлеуметтік салықтың бірыңғай мөлшерлемесі белгіленді, ол – 6%-ды құрайды (бұрын 11% болған).

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен өңдеушілер үшін төмендетілген мөлшерлеме енгізілді, ол – 1,8%.

Дара кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын тұлғалар (адвокат, нотариус, жеке сот орындаушысы, кәсіби медиаторлар) өзі үшін – 2 АЕК; әрбір қызметкері үшін – 1 АЕК әлеуметтік салық төлейді.

Жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары өзі үшін – 0,6 АЕК; әрбір қызметкері үшін – 0,3 АЕК төлеуге тиіс.

Арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілерді әлеуметтік салықтан босату көзделген, оған: өзін-өзі жұмыспен қамтушылар; оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтіндер; шаруа немесе фермер қожалықтары кіреді.

Салыстырсақ, 2025 жылғы 31 желтоқсанда күшін жойған бұрынғы Салық кодексінде мөлшерлеме 11,5% болған. Ол келесі формуладан құралатын: төленуге жататын әлеуметтік салық = есептелген әлеуметтік салық минус әлеуметтік аударымдар.

Жаңа Салық кодексінде мөлшерлеме 6% болып белгіленді: төленуге жататын әлеуметтік салық = есептелген әлеуметтік салыққа тең. Осылайша, бұрын есепшілер 11,5%-дан әлеуметтік аударымдарды шегеріп әлек болып жататын, енді таза 6%-ды есептей салады. Бухгалтерлердің жұмысы жеңілдеп қалды, қызметкерлердің әмияны сәл де болса салмақтанады.

Сонымен қатар жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданатын дара кәсіпкер бұрынғыдай өзі үшін 2 АЕК және қызметкері үшін 1 АЕК көлемінде әлеуметтік салық (ӘС) төлеуге тиіс. Айлық есептік көрсеткіштің биыл өсірілуіне байланысты бұл салық артты: тиісінше, дара кәсіпкер өзі үшін 8 650 теңгені, әрбір қызметкері үшін 4 325 теңге ӘС-ті төлеп тұруға тиіс.

ӘС-ті жұмыс беруші төлейді және ол мемлекеттік бюджетке түседі. Бұдан бөлек, әрбір қызметкердің жалақысынан әлеуметтік аударымдар (ӘО) ұсталады, ол Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) аударылады.

Мемкірістер органының түсіндіруінше, Қазақстанда жаңа Салық кодексі бойынша салықтар, бюджетке төленетін төлемдер және бірыңғай төлемдер қарастырылған.

Салықтарға:

корпоративтік табыс салығы;

жеке табыс салығы;

осылған құн салығы;

акциз;

экспортқа рента салығы;

жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары;

әлеуметтік салық;

көлік құралы салығы;

жер салығы;

мүлік салығы;

ойын бизнесі салығы жатады.

Бюджетке төленетін төлемдер бойынша:

мемлекеттік баж;

алымдар;

сондай-ақ жер учаскелерін пайдаланғаны;

табиғи ресурстарды пайдаланғаны;

сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны;

қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені;

радиожиілік спектрін пайдаланғаны;

қалааралық, халықаралық телефон байланысын, ұялы байланысты бергені;

цифрлық майнинг үшін төлемақылар қолданылады.

Ал бірыңғай төлем:

міндетті зейнетақы жарналарынан (әрбір жалақыдан ұсталады),

жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарынан,

әлеуметтік аударымдардан,

міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарынан,

міндетті медсақтандыру аударымдарынан тұрады.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылдан бастап жеке табыс салығына (ЖТС) қатысты өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Мұнда жеңілдіктерден шашу шашылып жатыр.

Біріншіден, біржолғы зейнетақы төлемдері ЖТС-тан босатылды. Бұған дейін зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асқан көлемін мерзімінен бұрын баспана алуға, ипотекаға, емделуге не басқасына пайдаланған азаматтар байқаған болар. БЖЗҚ-дағы шотын тексергенде, бұрын қарыз ретінде көрсетілетін ЖТС графасы жойылды.

"2026 жылғы 1 қаңтарда осы күннен бастап жүзеге асырылатын біржолғы зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады. Сондай-ақ бұл босату 2026 жылға дейін жүзеге асырылған және бұл салықты зейнеткерлікке шыққаннан кейін 16 жылға дейін тең үлестермен төлеу тәртібі таңдалған төлемдерге де қолданылады", – деп мәлім етті мемкірістер комитеті.

Екіншіден, мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік салық шегерімі ұлғайтылды. Тиісінше, бұл салықтың көлемі олар үшін азайтылады. Жалақыдан ЖТС есептеу кезінде, сондай-ақ жалпыға бірдей белгіленген салық тәртібін қолданатын дара кәсіпкерлерде – егер жеке тұлға I немесе II топтағы мүгедек болса, әлеуметтік салық шегерімі қолданылады.

2025 жылы шегерім мөлшері 882 АЕК-ті (3 468 024 теңгені) құрады. 2026 жылдан бастап бұл мөлшер 5 000 АЕК-ке (21 625 000 теңге) дейін ұлғайтылды.

Үшіншіден, басқа барлық қазақстандықтар үшін "стандартты салықтық шегерім" ұлғайтылды. 2025 жылы жалақыдан ЖТС есептеу кезінде ай сайын 14 АЕК (55 048 теңге) мөлшеріндегі стандартты шегерім қолданылатын.

2026 жылдан бастап бұл шегерім айына 30 АЕК-ке (129 750 теңге) дейін ұлғайтылды, яғни төленуге тиіс ЖТС сомасы азаяды. Яғни, жалақысы осы сомадан аспайтын азаматтар жеке табыс салығын төлемейді.

Одан көп алатын адамдардың жалақысынан бухгалтерлер алдымен 30 АЕК-ті шегеріп тастайды, тек қалған сомадан ғана жеке табыс салығын есептеуге тиіс. Нәтижесінде, биылдан бастап әрбір қазақстандықтың қолына алатын нақты табысы бірер мың теңгеге өседі.

Төртіншіден, жылжымайтын мүлікке келсек, мұнда ең төзімділер ғана табысқа жетеді. Салық кодексінде салықшылардың мүліктік табысты анықтауы үшін қажетті "мүлікті иелену мерзімі" өзгерді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жылжымайтын мүлік объектілерін сату кезінде мүліктік табыс "иелену мерзімі" 2 жылдан асқан жағдайда туындайды.

Қарапайым тілмен айтқанда, егер бұрын сатып алған пәтерін бір жылдан кейін сатып жібергендер қосылған құн салығын (ҚҚС) төлемейтін болса, биылдан бастап тиісті реестрде тіркелген күннен 2 және одан көп жыл өткен соң ғана ҚҚС төлеуден босатылады. Үкімет осы арқылы "флиппингке" – баспананы сатып алып, тездетіп жөндеу жүргізіп, қымбатырақ сатып жіберетін бизнеске тосқауыл қойып отыр.

Бұқара мен бизнеске енді пәтерлерді, коттедждерді, коммерциялық мүлікті екі жыл ұстауға тура келеді. Дегенмен, сарапшылар 16 пайыздық ҚҚС сатылған мүліктің бүкіл сомасынан емес, оны сатудан түскен табыс сомасынан ғана ұсталатынын ескертеді. Ендеше мәселен, үйге 2 жыл иелік етіп, оның барлық салығын, коммуналдық ақыларын төлеуге кететін сома оны ерте сатып жіберу кезінде төленетін ҚҚС-пен теңелуі де ғажап емес.

Айтқандай, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін сатып алынған мүлікке қатысты бұрынғы 1 жылдық "иелену мерзімі" қолданылады. Яғни, 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін меншігіне айналған жылжымайтын мүлікті ҚҚС-сіз сатуға болады.

Мүліктік табыс тапқан барлық жеке тұлғалар табыс алынған жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегіне дейін 270.00 нысаны бойынша декларация тапсыруға тиіс. Ал ЖТС-ті 25 қыркүйекке дейін төлеуге міндетті.

Мемкірістер комитетінің хабарлауынша, барлық кірістерден, сондай-ақ дивидендтерден төленетін жеке табыс салығының (ЖТС) ставкалары бойынша мынадай прогрессивті шкала көзделген:

күнтізбелік жылда 8 500 АЕК-тен аспаса (жылдық табысыңыз 35 млн теңгеге дейін болса) – 10%;

күнтізбелік жылда 8 500 АЕК-тен (35 млн теңгеден) асқан кезде – алдымен 8 500 АЕК-ке дейінгі көлемінен, яғни 35 миллионнан 10% ұсталады, осы сомадан асқан көлемінен 15% ЖТС алынады.

Дивидендтер бойынша ЖТС ставкасының келесі прогрессивті шкаласы көзделген:

күнтізбелік жылда 230 000 АЕК-ке (967 млн теңгеге) дейін – 5%;

күнтізбелік жылда 230 000 АЕК-тен (967 млн теңгеден) асқан кезде – алдымен 230 000 АЕК-ке дейінгі табыстан 5% + одан асқанынан – 15%.

Жалпы салық деген тәртіп пен адалдықты талап етеді. Бұл ала жіпті аттағандар аяусыз жазаланады. Алайда жаңа Салық кодексі шырғалаңы да, шыңырауы да көп шытырман-лабиринтке ұқсайды. Сондықтан ары қарай кең ауқымды түсіндіруді талап етеді.