Желім алдырып, иіскейді, ақша сұрайды: Алматы облысындағы оқушылардың шағымы

0
1 721

Айғай-шу болып жатқан Ескелді ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің директоры мұндай сұмдықты бірінші рет естігенін айтады.


Желім алдырып, иіскейді, ақша сұрайды: Алматы облысындағы оқушылардың шағымы

ERNUR.KZ. Алматы облысы Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің 7-сынып оқушылары әлімжеттік көргендерін айтып шағымдануда. Жергілікті полиция оқиғаны бақылауына алды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бізді дүкенге желім алып келуге жібереді. Тіпті бізге дүкен сатушысының өзі желім иіскеп жүрсіңдер ме, тәртіп сақшыларын шақырамын деп ескерту жасады. Барлық дүкенді, сол сатушыны көрсетіп бере аламын. Жоғары сыныптың балалары пакеттің ішіне желімді құяды да, аузымен үрлеп, иіскейді. Содан кейін ішімдік ішкен адамша теңселеді. Бізді қинады. Отырғызып, тұрғызып, бәрін жасатты. Бізден ақша сұрайды»,- деді Нұрсұлтан есімді 7-сынып оқушысы.

Нұрсұлтанның сыныптасы да 11 сыныптың балалары оны желім алып келуге дүкенге жібергенін жеткізді. Ол да жоғары сыныптың балалары түрлі жаттығу жасатып, ақша сұрайтынын жасырмады. Ал жоғары сыныптың оқушылары бұл балалардың сөздерін жоққа шығарды. Желімді мүлдем иіскеп көрмегенбіз, ақша сұрамағанбыз, әлімжетттік көрсетпедік, барлығы жала деді олар. Керісінше, әлімжеттік көрдік деген оқушылар «ФриФайер» деген ойын ойнайды, ақшаны сонда жұмсайды деп өздерін айыптады. Ал айғай-шу болып жатқан Ескелді ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің директоры мұндай сұмдықты бірінші рет естігенін айтады.

«Бірінші рет естіп тұрмын. Желім иіскеу, ондай жағдай жоқ, бізде», - дейді Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің директоры Әкімбек Бұлдаханұлы

Балаларымның тағдырына алаңдаймын деген Нұрсұлтанның анасы осы мектепте оқитын үш баласын да басқа мектепке орналастырмақ. Бірден кітаптарын өткізуге кірісіпті. Ал Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі неге екені белгісіз журналистердің жұмыс жасауына кедергі келтіріп, камерасын да сындырып тастай жаздады.

Ал Алматы облыстық Полиция пепартаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, мектептегі әлімжеттік бойынша ҚР ҚК 194 бабы 2 тармағы (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен) яғни, «Қорқытып алу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталғанын мәлімдеді. Аталған факті Полиция департаментінің бақылауына алынды.