Желтоқсан айында қазақстандықтар Gmail пошталарынан айрылып қалады

0
577

​Әлемдік нарықтың шамамен 93 пайызына ие Google-дың қадам-қарекеттері сарапшыларды қайран қалдырып отыр.


Желтоқсан айында қазақстандықтар Gmail пошталарынан айрылып қалады

ERNUR.KZ. Биылғы желтоқсан айынан бастап, Google өз пайдаланушыларының Gmail аккаунттарын, тиісінше пошталарын жаппай әрі аяусыз жоюға кіріседі, деп жазады inbusiness.kz.

Дегенмен, Sauap.org бұдан құтылудың жолын көрсетті. Себебі, "электронды қырғынға" тек белсенді емес аккаунттар ілігеді. Сондықтан Gmail-ды ұзақ уақыт пайдаланбаған адамдар өз аккаунтына кіріп, жазбаларын жаңартса, поштасынан жақын адамына бір-екі сөйлемнен тұратын хат-хабар жіберсе, немесе өз аккаунтынан кіріп, YouTube желісінде бейнежазба тамашаласа, жеткілікті.

Қайта қаралған саясатына сәйкес, бұдан былай Google пайдаланушылардың e-поштада авторизацияланып, хат-хабар жазысуды, Google Drive-ты қолдануды, YouTube желісінде бейнежазбалар қарауды, фотосуреттер алмасуды немесе бағдарламалық қамтылымды, қосымшаларды жүктегенді "белсенділік" деп танитын болады.

Аккаунтыңыз жойылмауы үшін не істеу керек?

Sauap.org келесідей кеңес береді:

  • Gmail поштаңызды ашып, хат жолдаңыз немесе түскен хаттарды ашып, оқыңыз.
  • Google Диск тегін бұлтты платформасында архивіңізді, файлдарыңызды, видео мен фотосуреттеріңізді сақтаңыз.
  • YouTube бейнехостингіне төл аккаунтыңыз арқылы кіріп, бейне тамашалауыңыз, пікір қалдыруыңыз да есептеледі.
  • Жақыныңызға фотоңызға қолжетімділікті ұсынуға болады.
  • Google Play-ден пайдалы қосымшаларды жүктеп алыңыз.
  • Google іздеу жүйесін пайдаланыңыз.
  • Басқа қoсымшаларға немесе сервистерге "Google аккаунтымен кіру" функциясын пайдаланыңыз.

Бұл кеңесті Google-дың құлақтандыруы да растайды. Google түсіндіруінше, аккаунттың белсенділігі құрылғының – смартфонның, компьютердің, ноутбуктің немесе басқасының емес, нақты аккаунттың жиі пайдаланылуын талап етеді. Басқаша айтқанда, белсенділігін паш ету үшін пайдаланушы авторизациялануға тиіс.

Бұған қоса, Google-дың бірнеше аккаунты бір құрылғыда қолданылса, онда оның әрқайсысының белсенділігі де жеке-жеке бағаланатын болады.

Әйтпесе, әлемде миллиондаған адам бір мезетте өз аккаунттарын жоғалтып алмақ.

Әлемдік алпауыт соңғы 2 жыл бойы белсенді болмай, құр жатқан миллиондаған Gmail есептік жазбаларын жоятынын мәлімдеді. Бұл шара пошталық сервисті елеулі жаңарту науқаны аясында жасалады. Google адамдардың жұмысына, оқуына қатысты дербес аккаунттарға, сондай-ақ кез келген ұйыммен байланысты аккаунттарға тиіспеуге уәде етті.

Google компаниясы соңғы жылдары жаңа саясатын жүзеге асыратыны туралы өз пайдаланушыларын ескертіп келді. Ол 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап, Gmail және Google Drive сервистеріндегі белсенді емес аккаунттарды өшіріп тастауды қарастырады. Олардағы барлық ақпарат қалпына келтіру мүмкіндігінсіз, мәңгілікке жoйылады.

Бұл ретте Google нені сылтауратып отыр? Оның түсіндіруінше, ашқанымен, қожайыны ары қарай нысаналы мақсатына қолданбаған аккаунттар компрометация, арандатушылықтар алдында осал. Иесіз аккаунттарды ары қарай түрлі алаяқтар пайдалануы мүмкін.

Мысалы, қаскөйлер бөтеннің аккаунты арқылы кіріп, құрбанының дербес деректерін ұрлайды, қоқан-лоққы жасайды, қудалауы, ақша бопсалауы мүмкін. Түрлі спамдар да бос жатқан аккаунттардан жиі жолданады.

Бірақ алпауыт осы арқылы басыартық деректерді сақтаудан қаржы үнемдегісі келіп отырса керек.

"Біз кем дегенде 2 жыл Google сервистерінде белсенділік танытпаған Google аккаунттарды, оның деректерін және ондағы барлық іс-қимылдар туралы ақпараттарды өшіріп тастауға құқылымыз. Бұл ережелер сіздің жеке Google аккаунтыңызға таралады. Ережелер ұйымдардағы оқу мақсатындағы және корпоративті аккаунттарға қарсы әрекет етпейді. Біз сондай-ақ нақты бір өнімімізде кем дегенде 2 жыл бойы пайдаланылмаған аккаунттардың деректерін де жоюға құқылымыз", – делінен Google құлақтандыруында.

Халықаралық сарапшылар кейінгі кезде жаһандық Google алпауытының қарекеттерін қатаң сынап жүр. Өз сервистерін белсенді пайдаланбайтындарды аккаунтынан, поштасынан айыру талабы да адамдарды өзіне тәуелді ете түсудің қамы екені белгілі.

Бүгінде мысалы, Google іздеу жүйесінің әлемдік нарықтағы үлесі 93%-ға жетіп қалды. Бірақ шетелдік ақпарат құралдары алпауыттың бұл еншісі алда күрт азаюы мүмкін деп отыр. Бұған Google биылғы сәуірде асығыс енгізген Bard жаңа нейрожелісі ықпал етуі ықтимал.

Мысалы, қазақстандықтар Google іздеу жүйесінде қазақша, орысша мәліметтерді іздеп табу қиындап кеткенін байқады. Не өте аз нәтиже ұсынады немесе қарауға ұсынғандары пайдаланушының сұратқан ақпаратының бағытынан тым алыс жатады, қатысы жоқ мәліметтерге сілтемелерді көрсете салады.

Бұған тағы бір жөнсіздік қосылды. Оның Bard жаңа нейрожелісі конспирологиялық теориялар мен фейктерге әуес болып алған. Мұны америкалық NewsGuard Technologies компаниясы мен британдық "Цифрлық кеңістіктегі өшпенділікпен күрес орталығы" (CCDH) жүргізген зерттеу анықтады.

Google чат-боты жалған ақпараттарды алдымен ұсынуға жаман үйрене бастапты. Ал оның 8 сәуірдегі тұсаукесерінде әзірлеушілер ChatGPT-дің бәсекелесі саналатын Bard пайдаланушыларды шындыққа жанаспайтын ақпараттардан қорғауға қызмет ететініне, сонысымен озық екеніне сендіріп баққан болатын.

Бұл ретте Google мамандары сервисті іске қосуға шектен тыс асыққаны үшін компанияның басшысы Сундара Пичаиді сынады. Google сүрлігісінің себебі бар: оның бақталасы Microsoft өзінің Bing атты іздеу жүйесіне де нейрожеліні енгізгелі жатыр.

Microsoft осыған ден қойғанын биылғы 7 ақпанда жариялады. Ол өз өнімін ChatGPT-пен интерациялап, соның негізінде жаңартқанға дейін Гугл алдын орап, шаң қаптырып кетуге жанталасты. Өйткені технологиялық тұрғыдан қай алпауыт алда жүрсе, инвесторлар да соны қалайды, демек, акциялары да қымбат тұрады.

Bing нейрожелімен кіріккен соң, бұл іздеу жүйесінде жауаптар жай сілтемелер тізімі түрінде емес, барынша нақты әрі әңгіме форматындағы түсініктемелер түрінде болмақ.

Әзірге Google енгізген Bard нейрожелісі конспирология өрісіне лағып кетуін жалғастырды. Мысалы, NewsGuard зерттеушілері онда "ұлы қайта жүктелу" деген ұғымға қатысты сұрау жасады. Дүниежүзілік экономикалық форум бастамасы саналатын бұл ұғым әлемдік экономиканың COVID-19 пандемиясының салдарларын еңсеруін білдіреді.

Бұл сұрауға Bard 13 параграфтан тұратын көлемді жауап ұсынған. Онда мысалы, әлемдік элиталар планетамыздағы тұрғындар санын азайтудың қамына кіріскені, бұл үшін вакциналар мен экономикалық тетіктер пайдаланылатыны айтылған.

NewsGuard зерттеушілері одан интернетте ең танымал 100 конспирологиялық теория мен фейктерді жоққа шығаратын дәйектемелер тауып беруді де сұрады. Нейрожелі керісінше, аталған теорияларды ілгерілететін ресурстар мен сайттардан цитаталар бере салған. Яғни, әзірлеушілері сендіргендей, Бард жалған ақпараттардың шындыққа сәйкеспейтіні туралы пайдаланушыларды тіпті де ақпараттандырмайды.

NewsGuard тең директоры Стивен Брилдің айтуынша, Bard пен оның бәсекелесі ChatGPT мәтіндерін алаяқтар, қаскүнемдер дезинформацияны кең тарату үшін пайдалануы мүмкін. Осылайша, адамдарды ақылынан адастыруға, есінен жаңылдырып, қате жолға түсіруге жасанды интеллект те белсенді үлес қоса бастады.