"Ашық НҚА" порталында жарияланған қаулы жобасына сәйкес, автонесиеге өтініш берген азаматтың борыш жүктемесі коэффициенті алдағы екі жыл есепке алынбайды.
Фото: banki.ru
ERNUR.KZ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несиеге көлік сатып алғысы келетін азаматтардың борыш жүктемесін 2027 жылға дейін есептемеуді ұсынып отыр. Қаулыға тиісті өзгерістер "Ашық заңды тұлғалар" порталына енгізіліп, 20 желтоқсанға дейін талқылауға жіберілді, деп жазады stan.kz.
Қазақстандағы банктер мен микроқаржы ұйымдары адамның несиені өтей алатын, я өтей алмайтынын арнайы есеп – борыштық жүктеме коэффициенті арқылы тексеруге міндетті. Егер адамның қарызы көп болса, оған жаңа несие беруден бас тартылуы мүмкін. Енді Агенттік отандық автомобиль өнеркәсібін дамыту үшін осы шектеуді алып тастамақ.
"Ашық НҚА" порталында жарияланған қаулы жобасына сәйкес, автонесиеге өтініш берген азаматтың борыш жүктемесі коэффициенті алдағы екі жыл есепке алынбайды. Демек клиенттің ай сайынғы қарызы табысының жартысынан артық болып жатса да, банк оған жаңа не ескі көлік сатып алуға несие беруі мүмкін.
"Қарыз алушының борыш жүктемесі коэффициентінің ең жоғары деңгейін сақтау жөніндегі талап 2025 жылы 1 қаңтардан бастап 2026 жылы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде қолданылмайды", –делінген құжатта.
Банктер мына жағдайларда борыш жүктемесін ескермейді:
- жаңа автокөлікті өзін кепілге қойып сатып алғанда;
- бұрын мінілген, кепілге қойылған және 50% бастапқы жарнасы төленген автокөлікті;
- 3 жылға дейін пайдаланылған, кепілге қойылған және 30%-дан 50%-ға дейін бастапқы жарнасы төленген көлікті сатып аларда.
Қаулы жобасы 20 желтоқсанға дейін талқылауда болады.
Айта кетейік, бұған дейін Енді елімізде банкте бірнеше несиесі барларға да автонесие берілуі мүмкін екені айтылған еді. Қарыз ұсынғалы отырған қаржы ұйымдары жаңа көлік мінуге ниетті адамның борыш жүктемесіне қарамайды. Тек кейінгі алты айдағы төлем тарихы ескеріледі.