Жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық өндірушілер арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту негізгі бағыттардың бірі болып қала береді.
ERNUR.KZ. Елішілік құндылықты дамыту мақсатында Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп тұрақты негізде мұнай-газ саласы үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамту үлесін ұлғайту және отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі шаралар кешенін іске асыруда. Заңнамалық деңгейде жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларын реттеу тетіктері жетілдірілуде. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске келісімшарттарда жергілікті қамтудың ең аз үлесін міндетті түрде бекітуді көздейтін өзгерістер енгізілді. ҚР энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.
Оның хабарлауынша, 90-ға жуық қолданыстағы келісімшарттарға тиісті өзгерістер енгізілді, оларда ел ішіндегі құндылық көрсеткіштері белгіленген: тауарлар бойынша кемінде 30% және жұмыстар мен қызметтер бойынша 80%.
«Ірі мұнай-газ жобаларының – ТШО, ҚПО және НКОК операторларымен бірлесіп, жергілікті қамтуды дамытудың бесжылдық бағдарламалары іске асырылуда. Оларда ел ішіндегі құндылықтың жыл сайынғы өсуінің мақсатты көрсеткіштері айқындалған, сондай-ақ ұзақ мерзімді шарттар, офтейк-келісімшарттар жасасу және Қазақстанда өндірістерді оқшаулау бойынша компаниялар басшылығының KPI көзделген», – деді спикер.
Жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық өндірушілер арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жасалған ұзақ мерзімді шарттардың көлемі екі есе ұлғайып, 49 млрд теңгеге дейін жетті.
2024-2025 жылдары жер қойнауын пайдаланушыларды сатып алу ережелерін жетілдіру бойынша қосымша шаралар қабылданды. Олар отандық өндіруші болған жағдайда қазақстандық тауар өндірушілер арасында ғана сатып алуды, осындай жағдайларда бір көзден сатып алуды, сондай-ақ ел ішіндегі құндылық бойынша ең төменгі талаптарды – жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерде кемінде 50% және жобалау жұмыстарын орындау кезінде 80% өткізуді көздейді.
Министрлік ішкі құндылық бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін жер қойнауын пайдаланушылардың жауапкершілігін күшейту бойынша жұмысты жалғастыруда, сондай-ақ сатып алуларға тоқсан сайын мониторинг, импортты алмастыру әлеуетін талдау және жер қойнауын пайдаланушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Қазақстанның көмір өнеркәсібі елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды мәнге ие. Елдегі көмір қоры 33,6 млрд тоннаны құрайды. Өндірілетін көмірдің негізгі бөлігі ішкі нарыққа жіберіледі және электр энергетикасында, коммуналдық-тұрмыстық секторда және өнеркәсіпте пайдаланылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша көмір өндіру шамамен 115,9 млн тоннаны құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға артық.


