"Жерлеуіне бүкіл ауыл жиналды": Ақтөбе облысында тапа-тал түсте кәсіпкер әйелді өлтіріп кеткен

0
1 124

Ақтөбе облысының Бадамша ауылында кәсіпкер әйел қарақшылық шабуылдың құрбаны болды.


ERNUR.KZ. 14 тамызда Феруза Пірмановаға өзінің азық-түлік дүкенінде шабуыл жасалған. Күдіктілер оны көптеген жерінен пышақтап тастапты, деп жазады Stan.kz.

Марқұмның ауылдастарының сөзінше, Феруза 2003 жылы отбасымен бірге Өзбекстаннан Қазақстанға көшіп келген. Ауылдастары оның отбасын үлгілі ретінде біледі: күйеуі мен балалары домбыра тартып, түрлі байқауларда жеңімпаз атанған. Екі үлкен баласы елордада оқыса, кіші қызы мектепті енді бітірген.

«Феруза ұқыпты, тәрбиелі, сабырлы жан еді. Ол адамдарды жақсы көретін. Оны да бәрі жақсы көрді. Біз ұжым болып көңіл айтуға бардық. Жерлеу рәсіміне бүкіл ауыл жиналды. Адамдар мұндай қатыгездікпен жасалған қылмысқа наразы болып отыр», - дейді марқұмның бұрынғы әріптесі Сәуле Байдәулетова.

Полиция оқиғаға қатысты «Кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғады. Қылмыс жасады деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Олардың бірі жергілікті тұрғын болса, екіншісі – Хромтау қаласының тұрғыны. Қазіргі уақытта екеуі де тұтқындалды. Олар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.