Медициналық сараптама қорытындысы бойынша қыз уланған.
ERNUR.KZ. Жетісу облысында белгісіз жағдайда көз жұмған 16 жастағы қыздың туыстары тергеудің созылып кеткеніне наразы. Олар Зарина Берікованың уланып көз жұмғанына сенбейді. Сондықтан қайтадан сараптама тағайындап, куәгерлерден сұрақ-жауап алынуын талап етеді, деп жазады stan.kz.
Жазира Тоғасбаева 7 ай бұрын жалғыз қызынан айырылды. Зарина 9-сыныпты бітіріп, Талдықорғандағы инновациялық колледждің филология факультетіне оқуға түсіп, жатақханаға орналасады. Алайда 6 айдан соң студент қыз мерт болды.
“7 ай болды, әлі неден көз жұмғаны белгісіз. Бір ақиқатыосы уақытқа дейін шығу керек еді. Іс тергеліп жатыр дейді. Неше айдың жүзі болды есіктерін қағып барамыз, ешқандай әлі ақиқат жоқ”, – деді марқұмның анасы Жазира Тоғасбаева.
Қайғылы оқиға күні Жазира қызын сабақтан сұрап алып, түске дейін бірге уақыт өткізіпті. Айтуынша, көңіл-күйі жақсы болған, демалыста ауылға барамын деп айтқан. Кешке қарай анасына "бәрі жақсы" деп тағы да хабарласыпты. Содан жарты сағат өтпей оқу орнындағы мұғалімдер жедел жәрдем шақырғандарын айтқан.
“Бейнебақылау камерасының жазбасын ашып көргенбіз. Яғни камерадан байқадық. Қызымыз Зарина ойнап-күліп жүр. 20:03-те фойеге комнатасынан шығады, сол жерде 2 секунд қана коменданттың есік жағына тоқтайды, одан әрі қарай өтіп, 20:04-те комендант комнатасына қайтып кіреді. Сол жерден қызымыздың денесін алдық”, – деді марқұмның туысы Айым Жиынбек.
Марқұмның туыстарының айтуынша, бұл бейнежазба істе тіркеліп, кейін жоқ болып кеткен. Олар осымен төртінші тергеушінің қолына өткен істің күмәнді тұстары көп дейді. Полицейлер бойжеткеннің телефонының құпия сөзін аша алмадық дегенмен, жуырда қыздың жақындарына жазған хаттары өшіріліпті.
“Отбасылық чат бар. Содан 29 маусымда шамамен түскі уақытта Зарина топтан шықты деп бізге смс келеді. Телефон 28 ақпаннан бері УВД -да жатқаннан кейін оны кім қолдануы мүмкін?Қалай ол шығып кетеді?! Бұл жерге 25 рет келсек те, ешқандай өзгеріс жоқ. Іс қалай ашылды, сол қалпында әлі тұрмыз. Ешқандай іс жүріп жатқан жоқ”, – деді Айым Жиынбек.
Медициналық сараптама қорытындысы бойынша қыз уланған. Алайда қандай дәрінің қаншалықты мөлшерде әсер еткені белгісіз. Марқұмның жақындары бұл қорытындымен келіспейді. Олар мәйітті жуындырғанда, оң көзінің маңынан соққы ізі мен астыңғы ернінің ішінен жырылып кеткенін байқаған.
Заринадан айырылып қалған әулет тергеудің әділ өтуін талап етеді.