Қалған 67 үйге ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізіледі.
ERNUR.KZ. Жетісу облысының Ескелді ауданындағы Ешкіөлмес және Абай ауылдарында жаңбыр суынан зардап шеккен үйлер толық тексеріліп, 89 үйге залал келтірілгені анықталды, деп жазады ulysmedia.kz.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, 22 үй апатты деп танылып, сүрілуге жатады деген қорытынды шығарылды. Қалған 67 үйге ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізіледі.
“Елді мекендердің көшелері мен аулаларды батпақ пен қоқыстан тазарту жұмыстары аяқталған. 200 тұрғын үй аулалары тазартылып, 200 тонна қоқыс шығарылды. ТЖ салдарын жою шараларына 400 адам, 50-ден астам техника тартылған болатын. Алдағы уақытта мұндай төтенше жағдайды болдырмау үшін канал арналарын тазалау, каналдың өткізу қабілетін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ 7 көшеде ұзындығы 12,7 шақырым автокөлік жолына орташа жөндеу жүргізіліп, 4 көшеде 4 шақырымға көшені жарықтандыру тіректері орнатылады.
Материалдық шығыны есептеу толық аяқталғаннан кейін аталған елді мекендердегі зардап шеккен тұрғындарға тиісті материалдық көмек көрсету уәде етілді.