Жоғарғы сот кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровтың үкімін өзгеріссіз қалдырды

0
580

Бұған дейін бас прокуратура кәсіпкер Әбдіғаппаровқа қатысты үкімді жоюды сұраған.


Жоғарғы сот кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровтың үкімін өзгеріссіз қалдырды

ERNUR.KZ. Жоғарғы сот кәсіпкер әрі Parmigiano Group басшысы Алмас Әбдіғаппаровтың үкімін өзгеріссіз қалдырды деп жазады stan.kz.

“Әбдіғаппаров Алмас Алтайұлына қатысты Алматы қаласы Медеу ауданы сотының 2022 жылғы 5 шілдедегі үкімі және Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 тамыздағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы тоқтатылсын”, бас прокуратура кәсіпкер Әбдіғаппаровқа қатысты үкімді жоюды сұрады – делінген жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасының қаулысында.

Еске салайық, бұған дейін бас прокуратура кәсіпкер Әбдіғаппаровқа қатысты үкімді жоюды сұраған. Былтыр шілде айында Parmigiano Group компаниясының басшысы Алмас Әбдіғаппаров 7 жылға сотталған.

Кәсіпкерге тағылған айып

Алматылық танымал кәсіпкердің ұсталғаны туралы өткен жылдың 27 шілдесінде белгілі болды. Ол серіктестерімен бірге виллаларды сату кезінде 420 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінген.

Алматыда қамауға алынған танымал кәсіпкердің жақындары сот қаулысымен мүлдем келіспеген. Алмас Әбдіғаппаровтың әйелі Ольга Әбдіғаппарова тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінген.

Сондай-ақ Ольга Әбдіғаппарова күйеуінің Болат Назарбаевтан қысым көргенін айтқан. Бұған дейін өткізген баспасөз мәслихатында ол танымал "Esentai City" жобасы Болат Назарбаевтың адамдарының назарына ілінгенін айтқан.

“Менің күйеуімді 2016 жылы Б.Назарбаевтың "оң қолы" Каспаев Елдос пен Құндыз Назарбаеваны құралтайшылар ретінде алуға мәжбүр етті. Осы адамдар тарапынан шамамен 40 млн доллар сомасында қаражат шығарылды, бұл үлескерлер алдында жылжымайтын мүлікті уақтылы тапсыру бойынша міндеттемелердің орындалмауына әкелді. Бұлар компанияға бір тиын да үлес қоспағандар”, – деген Әбдіғаппарова.

Әбдіғаппарова күйеуін Болат Назарбаевтың адамдары ойлап тапқан айып бойынша қамауға алғанын айтып келген.

Әбдіғаппаровтың адвокаттары Esentai City жобасының құрылтайшылар кеңесінде болған Болат Назарбаевтың қызы Құндыз Назарбаева мен оның ұлынан да жауап алуды ұсынған. Заңгерлердің сөзінше, Құндыз Назарбаева жобадан шыққан соң Әбдіғаппаровтың үлесі 3,5 миллион долларды құрағанына қарамастан 11 вилла (әрқайсысы 3 миллион доллар тұрады), жалпы ауданы 2700 шаршы метр болатын ондаған пәтер мен автотұрақ алған. Мұнымен қоса жоба мүшелерінің үлестері бірдей болғанымен, жобадан шығар уақытта алған үлестерінде 20 пайыз айырмашылық болған.