«Жомарт» кенішіндегі апат салдарын жою барысын ТЖМ тексерді

0
99

Тексеру кезінде RHINO қондырғысымен бұрғыланған техникалық ұңғымалар көрсетілді.


«Жомарт» кенішіндегі апат салдарын жою барысын ТЖМ тексерді
Фото: Қазақмыс
ERNUR.KZ. «Жомарт» кенішінде апаттың салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаев пен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев атқарылып жатқан шаралардың барысын тексеріп, қауіпсіздік жүйелерінің жұмысымен танысты, деп жазады inform.kz.

Тексеру кезінде RHINO қондырғысымен бұрғыланған техникалық ұңғымалар көрсетілді. Алдымен диаметрі 380 мм болатын бастапқы ұңғыма бұрғыланып, кейін ол 2,5 метрге дейін кеңейтіледі. Бұл құбырлар мен кабельдерді жүргізуге әрі желдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, газ концентрациясы шекті деңгейден асқан жағдайда электр жабдықтарын автоматты түрде сөндіретін стационарлық датчиктер таныстырылды.

Кеніш атмосферасында газ бар-жоғы тексеріліп, «Спутник-М1» газ талдағышы оның мөлшері нөл деңгейінде екенін көрсетті. Әр қызметкерге қол газ талдағыштары мен геобелгі датчиктері берілген. Жұмысшылар мен техниканың қозғалысы туралы мәлімет Ұлытау облысының ТЖД мен Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне онлайн жеткізіледі.

Ғ. Омаров атындағы шахта ұңғымалау тресінде арнайы желдету өткелі салынды. Ол апат болған аймақтағы 37-шығыс панелін төменгі транспорттық штрекпен байланыстырды. Бұл өткел алдағы уақытта таза ауаны жеткізу және суды сору құбырын орнату үшін пайдаланылмақ.

Комитет төрағасы атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, бекітілген жоспарды қатаң орындаудың қажеттігін атап өтті. Қазіргі уақытта кеніште ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасып, жетекші ұйымдардың қатысуымен мониторинг пен бақылау жүйелері енгізілуде.