Жұмбақ өлім: Павлодарда мәйіттің қасы мен шашын қырып тастаған

0
830

Павлодарда Сарықамыс елді мекенінің 48 жастағы тұрғыны ауылдасының үйіне мал союға кеткен күйі оралмаған.


Жұмбақ өлім: Павлодарда мәйіттің қасы мен шашын қырып тастаған

иллюстрациялық фото

Марқұмның туыстары оның мәйітін бір күн өткен соң, ауылдасының үйінен тауыпты. Марқұмның неден көз жұмғаны белгісіз. Жақындарының айтуынша, оның шашы мен қасын қырып тастаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.

Ауылдасының үйіне өз аяғымен кеткен Тұрысбек Қабдыраш шаңырағына табытпен оралды. Туыстары оның өліміне ауылдасын айыптап отыр. Өйткені оқиға болатын күні марқұмды ауылдасы жылқы союға көмектесуін сұрап, өзі келіп ертіп кеткен.

"Жоқ деп мені үйіне кіргізбей қойды зоборына. Жазғы үйінде өліп жатыр екен сол. Қан, қан жазғы үйдің іші тамшы тамшы қан жатты. Жан сақтап отырған жұбайымнан айырылдым енді. Қалай күн көрем", - дейді марқұмның жұбайы.

Ал марқұммен сол күні бірге болған елдімекеннің бір тұрғыны ештеңе көрмегенін айтты. Не болғанын да білмеймін – дейді.

"Мызғып кетіппін үстелде. Қасты алып тастапты. Сол екі ортасын білмеймін. Білмеймін қай кезде алып тастағанын. Тұрысбек үстелде ұйықтап жатты мен кеткенде. Алмат та да, Пашка да болған жоқ", - дейді оқиға куәгері Талғат Жүсіпов.

Ал жақындары болса, марқұмды зорлықпен өлтірген болуы мүмкін -дейді. Мәйітті көрген куәгерлер оның қасы мен шашын қырып тастағанын айтады.

"Түнде қайтыс болған адамды түскі бірге дейін ауылға айтпаған. Әйелі іздеп барған сұраған. Қасын бритвамен қырып алып тастаған. Басын мәйітте де бар шашын жартылай бритвамен алып тастаған", - дейді көршісі Тұрат Батталұлы.

Ал полиция департаменті мұны жоққа шығарды.

"2021 жылдың 14 қыркүйегі күні Екібастұзға ауылдық аймағына қарасты ауылдардың біріндегі жазғы ас үйден 1973 жылы туылған адамның мәйіті табылды. Денесінде зорлық іздері болған жоқ. Сараптама қорытындысы бойынша өлімге алкоголдік интоксикация себеп болған", - дейді Павлодар облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанна Біләлова.

Марқұмның туыстары оның арақтан өлді дегеніне сенбейтіндерін айтады. Күдікті бұрын ауылда учаскелік полиция болған дейді. Қазір зейнеткерлікке шыққан. Сондықтан ол жазадан сытылып кете ме - деп қорқады.

"Мәйіт сол шалқасынан жатыр екен. Көп жатып қалғанға ұқсайды. Қап-қара боп кеткен. Басы ісіп, адам танылмайтындай болып кеткен. Сол жігіттің денсаулығы мықты еді. Тепсе темір үзетін азамат еді", - дейді марқұмның туысы Манат Саят.

Туыстарының атйуынша, күдіктенген адам қанды оқиғадан кейін ауылдан кетіп қалған.