Күні кеше ақтөбелік жұртшылыққа жақсы таныс блогер әрі вайнер Мұрат Бірмағамбетовтың бақилық болғаны жайлы ақпарат тараған еді.
ERNUR.KZ. Санаулы сағат бұрын марқұмның жұбайына жазған жүрек тебірентерлік SMS-і желіде пайда болды, деп жазады exk.kz.
Блогер Мұрат Бірмағамбетов өмірінің соңғы сәтінде келіншегіне өкінішке толы жазбасын жіберіпті. Ол құмар ойынның жетегінде жүріп, бүкіл ғұмырын қор қылғанын ашық айтқан.
"Саған жақсы күйеу, қыздарыма жақсы әке бола алмағаным үшін кешірім сұраймын.Осыдан 25 жыл бұрын "құмар ойын" деген ауруға шалдықтым. Мен үшін бұл нағыз тозақ еді. Мен бұл әдетті тастауға талпынып көрдім, бірақ тастай алмадым. Кешіре алсаң, кешір", деп жазған блогер.
Марқұм дәл осы хатының соңында қос қызы мен анасын жұбайына тапсырып, өмірімен қош айтысқаны байқалады.
"Мен сенің бақытты болғаныңды қалаймын, сондықтан бұл өмірден кетуім керек. Біздің қыздарымызға қара. Мұны жазу қандай қиын. Менің махаббатымды оларға өзің арқылы берерсің. Өз анама қиындық көрсеттім. Анамның жанында болшы. Жаным менің, қош бол", деп Бірмағамбетов хатын түйіндеген.
Айта кетейік, 19 қарашада жоғалған ақтөбелік Мұрат Бірмағамбетовті бүкіл жергілікті жұрт қаладан шарқ ұрып іздеген еді. Блогер үйінен шыққаннан кейін қайта оралмаған. Ал 27 қараша күні марқұмның денесі табылғаны жайлы жантүршігерлік хабар тараған. Оның өлімінің себебі туралы әзірге ешқандай ақпарат айтылмады.
Естеріңізге сала кетсек, Мұрат Бірмағамбетов көзі тірісінде нағыз әмбебап азамат және өз елінің патриоты екенін көрсетті. Ол — блогер, вайнер, волонтер әрі Ақтөбе құрамасы КВН командасының бұрынғы капитаны болған. Сондай-ақ Мұрат қайырымдылық іс-шаралардың басы-қасында жүрген жігіт. Ол ақтөбелік қыз-жігіттермен бірге "100 дос" атты жобаны құрып, мұқтаж жандарға жәрдемдескен еді. Марқұмның артында жұбайы және қос қызы қалды.