​Жұмысшы мамандықтары тапшылығын жоюдың жол картасы әзірленуде

0
271

Мектеп түлектері арасында жұмысшы мамандықтарын таңдайтындар қатары аз. Дегенмен, еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарын меңгергендерге сұраныс көбірек.


​Жұмысшы мамандықтары тапшылығын жоюдың жол картасы әзірленуде

Сурет: media.quincemil.com

ERNUR.KZ.. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын. Ел басшысының мәлімделген шешімінен соң алдағы уақытта кәсіптік білім беру саласында бірқатар реформалар орнатылуға тиістігі аңғарылды. Мұны Президент те өз сөзінде нақтылап өтті. Ел экономикасының өсімін қамтамасыз ету, инвестициялық тартымды арттыру жолында кәсіптік білім беру жүйесін жаңарту қажетті әрі маңызды қадам екенін жеткізген болатын.


«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында бірінші кезекте еңбек адамдарының беделін арттыру, адал еңбек етуді насихаттау және олардың құндылығын түсіндіру жұмыстары жасалуға тиіс. Осы орайда «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты халық арасында еңбекқорлық пен кәсібилікті жоғары бағалауды қалыптастыруды көздейді. Өйткені, өз кәсібін жетік меңгеріп, міндетін сапалы атқарған маманның еңбегі мемлекет дамуына үлесі болатыны түсінікті. Әр азамат ұлт алдындағы жауапкершілігін сезініп, адал қызмет етуді парызы деп санаса, еліміздің даму жолы ашылады.

Ел дамуы, мемлекет ісінің ілгерілеуі, әлемдік аренада орнымызды айқындау, экономикалық хал-ахуал – осы сынды ауқымды әрі маңызды тақырыптарда оң өзгеріске кез келген саланың маманы үлескер бола алады. Соның ішінде әдетте біз төмен санатты санайтын, кеубіріміз менсінбей қарайтын қара жұмыс иелері де.

Мамандықтың үлкен-кішісі, маңызды-маңызсызы, жақсысы мен жаманы, жоғары-төмен дәрежелері болмайды. Жұмысшы мамандықтарының маңызын жете ұғынып, сала мамандарына үлкен құрметпен қарауымыз керек. Мектеп түлектерінің арасында жұмысшы мамандықтарын таңдайтындар қатары аз. Дегенмен, еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарын меңгергендерге сұраныс көбірек.


Еңбекке бейім, өз жұмысын жақсы көріп істейтін адам қоғамда әрқашан жоғары бағаланады, өскелең ұрпаққа өнеге болады. 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаудың өзі – еңбек адамдарына деген құрметтің белгісі.


Былтыр Астана қаласында «Еңбек – ел ырысы» атауымен республика көлеміндегі ақындар айтысы өткен. Өнер бәйгесі – еңбек адамдарының мәртебесін көтеру бағытында ұйымдастырылған маңызды іс-шаралардың бірі болды.

Алдағы жылда жұмысшы мамандықтарын, сала мамандарын танымал ету шараларын белсенді жүргізу басты назарда. Еңбек адамына құрмет көрсетуді, еңбекқор азаматтардың мәртебесін көтеруді көздейтін мәдени және шығармашылық іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асады.


Президент Жолдауы жария болғаннан кейін Үкімет үйінде Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен отырыс өтті. Онда жұмысшы мамандықтары бойынша мамандар даярлау, біліктілігін жетілдіру, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру жөніндегі шаралар қарастырылды. Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлері осы тақырып аясында баяндама жасап, ұсыныстарымен бөлісті.

Алдағы «Жұмысшы мамандықтары жылында» кәсіптік-техникалық білім беру ісін модернизациялап, елеулі оң өзгерістер орнатып, қайта жаңғырту жоспары талқыланды. Әсіресе, кадрлар даярлау ісіне заманауи жағдай жасауға баса мән берілді.

Оқу-ағарту министрлігіне техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау бойынша кешенді жоспар әзірлеу тапсырылды. Онда колледждерді техникалық қажеттіліктермін қамтамасыз ету, оқытушылар мен оқу бағдарламаларына қойылатын талаптарды қайта қарау, білім беру мекемелерінің жұмыс сапасын бағалау және оларды қаржыландыру бағытында нақты шараларды қамту ескертілді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Ұлттық біліктілік жүйесінің платформасы негізінде сертификатталған колледж түлектерінің тізімін құру тапсырылды. Бұл өз кезегінде түлектердің жұмысқа орналасу процесін жақсартуға мүмкіндік береді.

Жұмысшы мамандықтары бойынша колледжден кейінгі ЖОО білім алуды жалғастырып жатқан шәкірттер де ұмыт қалған жоқ. Бұл бағытқа арналған гранттар санын ұлғайту үшін мемлекеттік тапсырыс құрылымын қайта қарастыру Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне жүктелді.

Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамыту жөніндегі жұмыс шеңберінде, жұмысшы мамандықтары тапшылығын жою мақсатында жауапты министрлік жол картасын әзірлеуге кірісті.


«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жыл сайын ауқымды сауалнама жүргізіп, елдегі еңбек нарығын жіті бақылайды. Соңғы жылғы зерттеудің қорытындысы жарияланып, алдағы уақытта қандай мамандықтарға сұраныс артатыны айтылды. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, алдағы жылдары 130 мыңнан астам маман қажет болады екен. Көрсеткіштің жартысына жуығы – кәсіптік-техникалық білімі бар мамандар. Білім беру, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру сияқты салалар көш бастап тұр.

Үкімет мүшелері алдында 15 қарашаға дейін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялаудың кешенді жоспарын әзірлеу міндеті тұр. Бұл жоба 2025 жылы іске асырылатын жұмыстардың негізгі бағытын айқындауға тиіс.


Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда 772 кәсіптік колледж жұмыс істейді. 15 бағыт бойынша мамандар даярланады. Соңғы жылдарда жасалған бірқатар прогрессивті қадамдар нәтижесінде кәсіптік техникалық білім беру жүйесі айтарлықтай дамыды. Колледждерде жұмысшы мамандықтары бойынша грант бөлініп, тегін оқыту мүмкіндігі берілді. Кадр даярлау ісіне мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылды. Шәкіртақы 50%-ға өсті. Кәсіптік колледждердің материалды-техникалық базасын жақсарту бойынша жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. «Жас маман» жобасы аясында 180 колледж қайта жарақтандырылуда. Жұмысшы мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу деңгейі 70%-ға жетеді.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ