Жыл басынан бері бос жұмыс орындары жәрмеңкелері арқылы 1,3 мыңнан астам борышкер жұмыспен қамтылды

0
152

​Атқарушылық құжаттардың толық және уақытылы орындалуы азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіреді.


Жыл басынан бері бос жұмыс орындары жәрмеңкелері арқылы 1,3 мыңнан астам борышкер жұмыспен қамтылды

ERNUR.KZ. 2025 жылғы 1 тоқсанда сот орындаушыларының орындауында шамамен 11,3 трлн теңгені құрайтын 5,9 млн құжат болды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Әділет министрлігі Міндетті атқару комитетінің төрағасы Махсат Балабеков хабарлады.

Оның айтуынша, толық көлемде орындалған құжаттар саны 489 мыңды құрайды. Өндіріп алушылардың пайдасына 113 млрд теңге, мемлекет кірісіне 10,6 млрд теңге өндірілді.

Алимент өндіріп алу бойынша орындауда 285 мың құжат тіркелген. Олардың ішінде 278 мыңға жуық құжат мерзімді өндіріп алынуда, яғни алимент борышкердің жұмыс орнынан ай сайынғы жалақысынан ұсталады.

«2025 жылы алимент бойынша өндіріп алынған берешек сомасы 1,6 млрд теңгеден асады. Ал, проблемалық алименттер саны 15 мыңды құрайды, олар бойынша берешектің мөлшері шамамен 19 млрд теңге. Бұл құжаттар бойынша борышкерлер төлем жүргізбейді. Оларға қатысты атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ететін мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылады. Атап айтқанда, берешекті өндіріп алу үшін мүлікті өткізу және борышкердің электрондық ақшалары мен жасырын кірістерін анықтау, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту», – деді спикер.

Проблемалық алименттер санын азайту мақсатында сот орындаушылары жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесе отырып, борышкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс жүргізуде.

«2025 жылдың 1 тоқсанында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері арқылы 1,3 мыңнан астам борышкер жұмыспен қамтылды», - деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ 2025 жылы 1596 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 123 борышкер, 430-бабы бойынша 3 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды.