Зиянды тағамдарға қосымша салық енгізу керек - депутат

0
635

Кейінгі кезде шығу тегі белгісіз азық-түлік пен тауарлар елімізде қаптап кеткен.


Зиянды тағамдарға қосымша салық енгізу керек - депутат

ERNUR.KZ. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Бибігүл Жексенбай балалар тағамының сапасына қатысты кемшіліктерді айтты. Бұл ретте ол Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады, деп жазады inform.kz.

Депутаттың айтуынша, кейінгі кезде шығу тегі белгісіз азық-түлік пен тауарлар елімізде қаптап кеткен. Ең қорқыныштысы, олардың бір бөлігі мемлекет тексеретін және азық-түлік қауіпсіздігін қатаң сақтайтын ірі зауыттарда емес, көшеде және жертөледе жасалуы мүмкін.

«Еліміздің арнайы заңдарына сәйкес, әр өнімде қазақ немесе орыс тілдерінде шығарушы туралы, құрамы, пайдалану мерзімі туралы ақпарат болуы тиіс. Алайда, дүкен мен базарларда саудаланатын бағасы арзан, көздің жауын алатын зиянды тағамдар бойынша осы талаптардың орындалуына бақылау бар ма?», - деді сенатор.

Сонымен қатар Б. Жексенбай елімізде балаларға арналып жарнамаланған азық-түліктің 72 пайызы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тыйым салған өнімдерге жататындығына назар аударды.

Сенатор елімізде зиянды тағамдарды сатуға тыйым салу, стандарттау және сертификаттау қызметін қатаң бақылауға алу қадамдарын ұсынды.

«Зиянды тағамдарға, қанты көп энергетикалық түрлі сусындарға «қоғам денсаулығын қолдауға арналған қосымша салық» салуды қарастыру керек», - деді депутат.