​Дариға Бадықова ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР туралы ТҰҢҒЫШ қазақ киносын түсіріп жатыр

0
168


​Дариға Бадықова ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР туралы ТҰҢҒЫШ қазақ киносын түсіріп жатыр

Иллюстрациялық сурет: @ dariga_badykova Instagram аккаунтынан скринделіп алынды

Қазақ киносы әлемінде тік мінезімен, өткір тілімен дараланатын актриса Дариға Бадықова тағы бір батыл қадамға аяқ басты. Халықтың «Айсарасы» бұл жолғы ресурсын өрт сөндірушілер туралы фильмге жұмсауды жөн санапты.

Актриса әрі продюсердің командасы өрт сөндірушілер мен осы салада жанкешті болған марқұмдардың рухына арнап «Соңыра 112» аталатын фильм түсіруде. Түсірілім жұмыстары үшін таңдау Өскемен қаласына түскен. Актерлік құрамда продюсердің өзімен қатар, Олжас Абай, Қазбек Төлен, Дархан Сүлейменов, Шағуан Үмбетқалиев сынды кәсіби актерлер және Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары да бар. Түсірілім жұмыстары бір айға жоспарланған. Бас-аяғы біткен толық туындыны көрерменге күзде ұсыну көзделген.

Өнер иесі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Біз көрерменге әсер сыйлау үшін ұсақ-түйекке дейін мән бердік. «Соңыра 112» – жай ғана фильм емес. Бұл шынайылық пен эмоцияға құрылған үлкен жұмыс», – деп жазды. Көрерменге барынша шынайы дүние ұсынуға тырысып жатқанын, сол үшін түсірілім алаңына нағыз тікұшақ, өрт сөндіру көліктерін алдырғанын айтты. Ал актерлердің жеңілдетілген киім үлгісін емес, ап-ауыр, барлық құрал-жабдықтары қамтылған нағыз өрт сөндірушілер формасын киіп жүргені байқалады. Төтнше жағдай, апат кадрларын барынша нанымды шығару үшін арнайы көліктер сатып алып, адамдарға зиян келтірмеу үшін оларды техникамен езгілеп, соңыра өртеу сынды қадамдарға барғанын да бөлісті.

Соңғы күндері актрисаның әлеуметтік желілердегі жеке және кәсіби парақшаларын бақылау бұрынғыдан әлдеқайда қызығырақ бола түсті. Жаңа жобаның түсірілім барысымен күнделікті бөлісіп отыр. Парақша жан тебірентерлік, рухты фото-видеоларға, экшнға толы.

Әр жарияланымның комментарий бөлімі өскемендіктердің пікірталас алаңына айналған. Кино түсіріліміне өз қалаларын таңдағаны үшін ризашылығы мен алғысын білдіріп жатқандар көп. Еңбектің бағалануын, жобаның сәтті шығуын тілеген және фильмнің тезірек жарық көруін күтіп жүргендер де аз емес. Сонымен қатар, түсірілім салдарынан пайда болған келеңсіздіктер, кептелісті айтып, «Бүйткен киноларың құрсын!» деп наразылық танытушылар да табылады.

Қалай дегенде де, қазақ киносындағы жанр мен тақырыптар алуандығы артып келе жатқаны қуантады. «Соңыра 112» - өрт сөндірушілер туралы тұңғыш қазақ киносы болғанымен, белгілі бір кәсіп туралы, нақты мамандық иелерінің еңбегін насихаттайтын тұңғыш жоба емес.

Кез келген қоғамның тірегі – өз ісіне адал қарапайым еңбек адамдары. Соңғы жылдары отандық киноиндустрияда қоғамдағы маңызды мамандық иелерінің тыныс-тіршілігін, олардың иығындағы жауапкершілік пен ішкі драмасын көрсететін бірқатар сапалы туындылар көрерменге жол тартты.

«Жедел жәрдем» сериалы (2012–2013)

Бұл туынды қазақ телевизиясындағы медицина саласын жан-жақты ашқан алғашқы ауқымды жобалардың бірі. Сериал күн сайын жүздеген адамның өмірін арашалап қалу үшін уақытпен жарысатын жедел жәрдем дәрігерлерінің ауыр жұмысын көрсетеді. Әр бөлімде жаңа бір пациенттің тағдыры арқылы дәрігерлердің кәсібилігі мен адамгершілігі сыналады.

«Мұғалім» телехикаясы (2022)

Елдімекендегі кішігірім мектепте жұмыс істейтін, өз мамандығына шын берілген ұстаздың еңбек және өмір жолын көңілді әрі көркем жеткізген туынды. Фильмде мұғалімнің қоғамдағы орны, материалдық таршылыққа қарамастан рухани құндылықтарды бірінші орынға қоюы және ауыл балаларының болашағы үшін жасаған жанқиярлық еңбегі көрсетіледі.

«Тергеушілер» («Следователи») сериал (2017)

Бұл сериалда криминалистердің, сот-медициналық сарапшылардың және жедел іздестіру бөлімі мамандарының жұмысы нақты мысалдармен көрсетіледі. Із кесу, фактілерді жинау және қылмыскердің психологиялық портретін жасау барысындағы мамандық ерекшеліктері көрерменді экранға жіпсіз байлайды.

«5:32» хикаясы (Веб-сериал) (20211-2022)

90-шы жылдардағы және 2000-шы жылдардың басындағы аса ауыр қылмыстарды тергеген детективтердің жұмысын көрсететін хит туынды. Жоба тергеушілердің жұмысы олардың жеке өмірі мен психологиясына қаншалықты ауыр соққы болып тиетінін, мамандықтың қараңғы әрі қатал тұстарын ашық көрсетеді.

«Патруль» сериал, фильм (2015 жылдан бастап)

Қазақстандық құқық қорғаушылар мен тәртіп сақшыларының мамандығын мүлдем басқа қырынан, яғни сатира мен комедия жанры арқылы халыққа ең жақын етіп көрсеткен бірегей жоба.

«Волонтер» және ТЖМ қызметіне арналған арнайы тележобалар

Соңғы жылдары елімізде болған ірі табиғи апаттар (орман өрттері, су тасқыны) аясында құтқарушылар мен еріктілердің еңбегін арқау еткен бірнеше деректі және көркем жобалар жарық көрді. Олар апаттық аймақтардағы психологиялық қысымды, сабырлық пен физикалық төзімділікті шебер жеткізе білді.

Мамандық иелеріне арналған фильмдер мен сериалдардың басты құндылығы – олар бізге экраннан тыс қалған шынайы өмірді көрсетеді. Отандық кинода еңбек адамдарының бейнесі көбейген сайын, қоғамда сол мамандықтарға деген құрмет те арта түспек.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЖҰБАЙЛАР бірге көруі керек ҮЗДІК фильмдер