​Корей ДОРАМАлары арқылы танылған 9 ТАҒАМ

0
215

Шалпылдата шайнап, жұтқанының өзі дыбыс арқылы беріліп, көрерменді де жұтындырып жібереді


​Корей ДОРАМАлары арқылы танылған 9 ТАҒАМ

Сурет: ЖИ

Корей дорамалары ұлттық, дәстүрлі тағамдарын сюжеттің маңызды бөлігі ретінде беру арқылы әлемге танытуда. Кейіпкерлердің ас ішуін – қарапайымдылықты, достықты, махаббатты, кешірімді немесе отбасылық жылулықты білдіретін нышан ретінде шебер қолдана біледі. Сондықтан көрермендер экраннан көрген тағамдарды өздері де татып көргісі келеді.


Соңғы жылдары Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде K-pop пен дорамалардың ғана емес, тағамдарының да ықпалы күшейген. Айналамызда корей мейрамханалары, азық-түлік дүкендері және дүкен сөрелерінде сатылатын дайын өнімдердің санының артуы осының айғағы.


1. КИМЧИ

Корей асханасының символына айналған ащылау ашытылған қырыққабат. Кореяның күнделікті өмірін сипаттайтын кез келген туындыда бой көрсетеді.

Кимчиді халықаралық деңгейде ең алғаш танытқан классика – «Сарай інжу-маржаны». Бас кейіпкер Тангем сарай аспазы болып жүріп, император дастарқанына кимчидің ондаған түрін дайындайды. Мақалада кимчидің тек ащы қырыққабат емес, емдік қасиеті бар, ферменттелген күрделі тағам екені дәл осы сериалда өте терең танымдық тұрғыда көрсетілді.

«Махаббат қонған мекен» дорамасы кимчи жасау дәстүрін жақсы сипаттаған. Корейлер күздің соңында бүкіл туыс-туған, көрші-көлеммен жиналып, қыс бойы жейтін кимчиді бірге дайындайды. Бұл дәстүр тіпті ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген. Дорама кимчидің жай ғана тағам емес, адамдарды біріктіруші күш екенін өте әдемі әрі заманауи тілде жеткізді.

Соңғы жылдары Қазақстандағы көптеген корей мейрамханалары мен супермаркеттерде сатылып жүр.


2. ТТОКПОККИ

Күріштен жасалған жұмсақ тоқаштарды ащы тұздықпен дайындайтын танымал көше тағамы. Дорамаларда мектеп оқушылары мен жастардың сүйікті асы ретінде жиі көрсетіледі.

Ттокпоккиді халықаралық деңгейге шығарған алғашқы дорамалардың бірі – «Гүлден де әсем жігіттер». Ел аузында тараған атауы – «F – 4». Кедей отбасынан шыққан бас кейіпкер қыз Гым Джан Ди бай жігіт Гу Джун Пёны қарапайым халықтың өмірімен таныстыру үшін оны көшедегі шатырлы дәмханаға апарып, алғаш рет ттокпокки жегізеді. Басында бұл тағамнан бас тартқан сүйікті кейіпкердің кейіннен ттокпоккиді сүйсіне жеуі жат елдік көрермендерде «Бұл қандай тағам?» деген үлкен қызығушылық тудырды.

Кейіннен «Итевон класы» дорамасы ттокпоккиді стрит-фуд деңгейінен үлкен ресторандық бизнес деңгейіне көтеріп, заманауи трендке айналдырды.


3. РАМЁН

Көптеген көрермен дәл осы дорамалардан кейін корей рамёнін алғаш рет байқап көргісі келді. «Рамён жеп кетесің бе?» деген тіркес тіпті корей поп-мәдениетінің танымал символына айналды. Әсіресе, «Кальмар ойыны» сериалында кейіпкерлердің рамёнді пісірмей, шикілей ұсақтап, үстіне дәмдеуішін сеуіп, чипсы сияқты жейтін көрінісі жастар арасында ерекше челлендж тудырды.

Қазір Алматы, Астана, Шымкент сияқты ірі қалаларда рамёнді жай ғана сатып алмай, Сеулдегі Хан өзенінің жағасындағыдай арнайы индукциялық аппараттарда, фольгалы ыдыстарда өздігінен пісіріп ішу («Self-cooking») мәдениеті қалыптасқан.


4. КИМБАП

Балдырға оралған күріш пен түрлі салмадан жасалатын жеңіл тағам. Қазақстандағы корей дүкендері мен дәмханаларында да жиі кездеседі. 2025 жылы Қазақстандағы CU дүкендер желісінде ең көп сатылған өнімдердің бірі тунец қосылған кимбап болған.

Кимбапты жаһандық феноменге айналдырған – «Ерекше адвокат У Ён У». Тағамды жай ғана таныстырып қоймай, оны әлемдік деңгейдегі трендке айналдырған, сатылымын бірнеше есеге арттырған ең басты туынды. Дорамада бас кейіпкер аутизммен ауыратындықтан, тамақтың ішінде не барын нақты көру үшін тек кимбап жейтін. Осыдан кейін әлемде кимбап тренді басталды. Осы дорама шыққаннан кейін әлемде, соның ішінде Қазақстанда да кимбапқа деген сұраныс рекордық деңгейге жетті. Оқырмандар дәл У Ён У сияқты кимбапты үйде жасап, әлеуметтік желілерде челлендждер ұйымдастырды.


5. ЧЧАДЖАНМЁН

Қара бұршақ тұздығымен дайындалатын кеспе. Көптеген романтикалық және комедиялық дорамаларда кейіпкерлердің сүйікті асы ретінде көрінеді. Ол сюжетте жай ғана тамақ емес, кейіпкердің қарапайымдылығын, күйзелісін, жеңісін немесе тіпті махаббаттағы сәтсіздігін білдіреді.

Ччаджанмёнды «вирустық» трендке айналдырған дорама – «Алғашқы махаббат энциклопедиясы». Тағамының дыбысын шығарып, тәбетпен жеу мәдениетін (мукбанг стилін) халықаралық деңгейге шығарған ең алғашқы және ең хит дорамалардың бірі – осы аңыз туынды.


Корей асханасының жаһандық трендке айналуына орасан ықпалы болған – «Мукбанг» феномені. Мукбанг – үлкен порциялы тағамдарды немесе сан алуан дәмнен құралған мәзірді камера алдында ерекше тәбетпен жеу өнері. Тәттілігін айтып тамсанудан бөлек, ASMR эффектісін қолдану арқылы шалпылдата шайнап, жұтқанының өзі дыбыс арқылы беріліп, көрерменді де жұтындырып жібереді. Қуырылған корей тауығын тістегендегі қытырлаған дыбысы, ттокпоккидің сағызша созылған ірімшігі, қып-қызыл ащы рамёнді сүйсіне асауы тәбетті ашып, дәл сондай тағамды бірнеше секунд ішінде тапсырыс беруге не дүкенге жүгіруге итермелейді. Дорамалардағы тамақты романтизациялау үрдісі мен мукбанг әдісі Орталық Азия жастарының корей стрит-фудына деген қызығушылығын жаңа деңгейге көтерді.


6. САМГЁПСАЛЬ

Үстел үстінде арнайы грильде қуырылатын ет. Дорамаларда достардың немесе әріптестердің жұмыстан кейін бас қосатын сүйікті тағамы ретінде көрсетіледі. Қазақтың «ет асып, тамаққа шақыру» немесе табиғатта кәуап пісіру дәстүріне ұқсайды. Мұндағы басты идея – тамақ ішу емес, ет пісіп жатқанда қазан басында отырып әңгімелесу, жақындық орнату.

Тағамды көрермен жүрегіне ұялатқан басты дорамалар: «Батыл қыз До Бон Сун», «Ауыр атлетика перизаты Ким Бок Чжу»,

«Көне достық / Сырластар», т.б.


7. БИБИМБАП

Күріш, көкөніс, ет және жұмыртқа қосылып дайындалатын пайдалы әрі әсем безендірілетін тағам. Танымалдығы дорамалардан кейін айтарлықтай артты.

Кейіпкердің күйзеліске түскенін, ашуланғанын немесе өмірді жаңадан бастағысы келетінін білдіретін ең эмоционалды тағам. «Менің атым Ким Сам Сун» дорамасында бибимбапты психологиялық терапия» ретінде көрсету оны әлемдік деңгейде танымал етті. Көптеген көрермендер «күйзеліске түскенде үлкен ыдысқа бибимбап жасап жеу» трендін осы дорамадан үйренді.


8. ҚУЫРЫЛҒАН ТАУЫҚ

Қытырлақ қабығы мен тәтті-ащы тұздығының арқасында әлемге танылған тағам. Дорамаларда оны көбіне сырамен бірге («чимаек» дәстүрі) жейді. Қазақстанның ірі қалаларында мұндай мейрамханалар соңғы жылдары көбейген. «Махаббат қонған мекен» дорамасында Солтүстік Корея сарбаздарының Оңтүстікке келіп, алғаш рет қытырлақ тауық пен сырадан дәм татып, таңғалатын сәті тағамның танымалдығын ерекше арттырды.


9. МАНДУ

Ет немесе көкөніс салынып дайындалатын тағам. Біздің мәнті мен тұшпараның тікелей «туысы», тіпті атаулары да ұқсас. Және корейлер де бұл тағамды біз секілді отбасымен жұмыла отырып дайындайды. Әсіресе қыс мезгілін суреттейтін дорамаларда жиі кездеседі. Үйдегі жайлылықты, отбасылық жылулықты немесе қысқы суықтағы ыстық асты білдіреді.

Манду жасау мәдениетін ең жақсы танытқан: «Сайқымазақ». Бұл тарихи дорамада манду – қарапайым халықтың өмірі мен олардың қиындықтарын жеткізетін басты құрал.

Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Дариға Бадықова ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР туралы ТҰҢҒЫШ қазақ киносын түсіріп жатыр