​ШЫНАЙЫ оқиғаға негізделген ЕҢ АУЫР кәріс фильмдері

0
604

Бұл фильмдерді көруге мықты әрі мейірімді жүрек керек


​ШЫНАЙЫ оқиғаға негізделген ЕҢ АУЫР кәріс фильмдері

Сурет: ЖИ


Кино кейде жай ғана ойын-сауық емес, қоғамдағы ең ауыр мәселелерді ашық көрсететін қуатты құралға айналады. Әсіресе Оңтүстік Корея кинематографиясы шынайы оқиғаларға негізделген драмалар мен триллерлер арқылы әлем көрерменін таңғалдырды. Мұндай фильмдер адам тағдыры, әділетсіздік, зорлық-зомбылық, құқық қорғау жүйесінің кемшіліктері мен қоғамның үнсіздігі сияқты күрделі тақырыптарды қозғайды. Ең әсерлісі – бұл картиналардың басым бөлігі өмірде болған оқиғаларға сүйеніп түсірілген. Сондықтан оларды көргеннен кейін ұзақ уақыт бойы ойдан шығару қиын. Төменде көрермендердің жоғары бағасына ие болған, шынайы оқиғалар негізінде түсірілген ең әсерлі кәріс фильмдерімен танысамыз.


Неге дәл Оңтүстік Корея киносы?

Оңтүстік Коея кинематографиясы мұндай ауыр тақырыптарды ашық көрсете алады. Бұл құбылыстың тамыры елдің саяси және мәдени тарихымен тығыз байланысты. Демократиялану толқынының әсерімен 1990-жылдары мемлекеттік қатаң цензура жойылды. Кәріс режиссерлеріне бұрын-соңды болмаған шығармашылық еркіндік берілді. Бұған қоса, Корея қоғамындағы жылдам экономикалық өрлеу, әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздікке деген халықтың ішкі наразылығы шындықтың бетін ашатын өткір сюжеттерге ұмтылдырды. Режиссерлер билік пен заң жүйесінің кемшіліктерін, қоғамдағы «жабық» тақырыптарды қорықпай экранға шығарып, кинематографты халықтың үні мен әлеуметтік өзгерістердің қуатты құралына айналдырды.


«Кішкентай клиент» (My First Client, 2019)

Фильм балаларға жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтереді. Жас адвокат Чон Ёп мансабын жаңа бастап жүргенде 10 жастағы қыз Дамен танысады. Бір күні қыз өзінің кішкентай інісін өлтірдім деп мойындайды. Алайда адвокат істі зерттей келе баланың мойындауының артында әлдеқайда ауыр шындық жатқанын анықтайды.

Бұл фильмнің басты ерекшелігі – оқиғаның эмоцияға емес, шынайылыққа құрылуы. Көптеген көрермендер соңғы сот отырысы кезінде көз жасын тыя алмағанын айтады. Фильм балаларды қорғау жүйесінің әлсіз тұстарын көрсетуімен ерекше бағаланды.

Басты рөлдегі балалардың актерлік ойыны сыншылар тарапынан жоғары бағаланды. Кино балалар құқығын қорғау мәселесін қоғамда қайта көтеруге ықпал етті.

Кинодағы кесек ой: «Ересектерқорғаушылар болуы керек еді... Бірақ біз балаларды жалғыз қалдырдық, тіпті олардың көмек сұрап айқайлаған дауысын да естігіміз келмеді.»


«Мисс Пэк» (Miss Baek, 2018)

Өткен өмірінен ауыр жарақат алған Пэк Сан А көшеде қатыгез өгей әкесінен қорлық көріп жүрген кішкентай қызбен кездеседі. Өз тағдырын қыздың өмірінен көрген ол баланы құтқару үшін бәріне қарсы тұрады.

Көрермендер фильмнің артық драмасыз, өмірдің ащы шындығын көрсетуін ерекше атап өтеді. Көпшілік басты кейіпкердің мінезіндегі өзгерістер мен оның қызды қорғауға деген батылдығына жоғары баға берген.

Фильм бірнеше халықаралық кинофестивальде көрсетілді. Актриса Хан Джи Мин бұл рөл үшін көптеген марапаттарға ие болды. Картина балаларға қатысты қатыгездік мәселесіне қоғам назарын аудартты.

Кинодағы кесек ой: «Мен саған жақсы өмір сыйлай алам ба, білмеймін... Бірақ уәде беремін, сені ешқашан жалғыз қалдырмаймын және ешкімнің тиісуіне жол бермеймін.»


«Тілек» (Hope, 2013)

Сегіз жасар қыз ауыр қылмыстың құрбаны болғаннан кейін оның отбасы қалыпты өмірге қайта оралуға тырысады. Фильмнің негізгі тақырыбы – қайғыдан кейін қайта өмір сүруді үйрену және отбасының бірлігі.

Көпшілік бұл фильмді Оңтүстік Кореядағы ең ауыр драмалардың бірі деп есептейді. Әсіресе әке мен қыздың қарым-қатынасы көрермендердің жүрегіне ерекше әсер қалдырған.

Фильм 2008 жылы болған елді дүр сілкіндірген оқиға негізінде түсірілген. Елде балаларды қорғауға қатысты заңнаманы күшейту мәселесі қайта талқыланды. Кино бірнеше беделді ұлттық марапатқа ие болды.

Кинодағы кесек ой: «Әке, мен бұрын таңертең оянғанда “бүгін жақсы күн болады” деп ойлайтынмын... Ал қазір таңның атқанынан қорқамын.»


«Хан Гон Джу» (Han Gong-ju, 2013)

Қайғылы оқиғадан кейін мектеп ауыстыруға мәжбүр болған қыз жаңа өмір бастауға тырысады. Бірақ өткеннің ауыр ізі оны қайта-қайта қуып жетеді.

Фильмнің тыныш атмосферасы мен басты кейіпкердің ішкі күйзелісі көрермендерге ерекше әсер етеді. Көпшілік оны оңай көруге болмайтын, бірақ міндетті түрде көруге тұрарлық фильмдердің қатарына қосады. Сценарий негізіне Кореядағы әйгілі Мирян оқиғасы алынған. Көптеген халықаралық кинофестивальде марапатталған.

Кинодағы кесек ой: «Мен ештеңеге күнәлі емеспін... Онда неге маған қашуға туар келеді? Неге мен жасырынуым керек?»

«Жүзуді үйренгім келеді... Егер суға батып бара жатсам, жүзіп шығу үшін емес. Тек... өмір сүргім келмей қалған сәтте, бірден батып кетпей, ойлануға сәл уақытым болсын деп.»


«Кісі өлтіру туралы естелік» (Memories of Murder, 2003)

1980-жылдары шағын қалада бірнеше әйелдің өлімі тіркеледі. Детективтер қылмыскерді іздейді, бірақ әрбір жаңа дәлел оларды тығырыққа тірейді.

Бұл фильм көптеген киносүйер қауым үшін барлық уақыттағы ең үздік криминалдық драмалардың бірі саналады. Көрермендер оның атмосферасы мен аяқталуын ұзақ уақыт ұмыта алмайтынын жазады.

Фильм Кореядағы алғашқы сериялық кісі өлтіру ісіне негізделген. Кейінгі ДНҚ сараптамалары арқылы нақты қылмыскер анықталған. Режиссердің халықаралық танымал болуына осы фильм үлкен үлес қосты.


«Өлім қаруы» (Silenced / Dogani, 2011)

Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектепке жұмысқа келген мұғалім оқу орнында ұзақ уақыт бойы жасырылып келген ауыр қылмыстардың куәсі болады.

Фильм көрермендерді қатты күйзелткен картиналардың бірі саналады. Көпшілік оны көргеннен кейін бірнеше күн бойы әсерінен шыға алмағанын айтады.

Фильмнен кейін қоғамда үлкен наразылық туындады. Нәтижесінде балаларды қорғауға қатысты заңдарға өзгерістер енгізілді. 2011 жылы Корея Парламенті «Догани заңын» қабылдап, мүмкіндігі шектеулі жандар мен кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстарға ескіру мерзімін алып тастағанын.

Кинодағы кесек ой: «Бұл дүниені өзгерту үшін күресіп жатқан жоқпыз. Мен тек бұл дүниенің бізді өзгертіп жіберуіне жол бермеу үшін күресіп жатырмын.»


«Қуғыншы» (The Chaser, 2008)

Бұрынғы полиция қызметкері жоғалып кеткен қыздарды іздей бастайды. Іздеу барысында ол аса қатыгез қылмыскердің ізіне түседі. Фильм алғашқы минуттарынан соңына дейін көрерменді шиеленісте ұстайды. Әсіресе шынайы атмосферасы мен күтпеген шешімдері жоғары бағаланған. Нақты сериялық қылмыскердің ісінен шабыт алған. Қазіргі кәріс триллерлерінің дамуына ықпал еткен фильмдердің бірі саналады.

Кинодағы кесек ой: «Сендерге шындық пен адам өмірі маңызды емес! Сендерге тек жауапкершіліктен қашып, бастықтардың алдында есеп беру маңызды!»


«Өлтірушінің дауысы» (Voice of a Murderer, 2007)

Тележүргізушінің ұлы ұрланып кетеді. Белгісіз адам ата-анасына қайта-қайта телефон шалып, оларды психологиялық қысымға алады. Отбасы уақытпен жарысып, баласын құтқаруға тырысады.

Көрермендер фильмнің психологиялық қысымы өте күшті екенін айтады. Көпшілігі оны ата-ана үшін ең ауыр фильмдердің бірі деп бағалайды. Нақты адам ұрлау оқиғасы негізінде түсірілген. Қылмыстық істің кейбір тұстары бүгінге дейін толық ашылмаған.

Кинодағы кесек ой: «Балаңыздың амандығы – сіздің ақшаңыздың мөлшеріне байланысты.


Мұндай фильмдер көрерменге қандай пайда береді?

Шынайы оқиғаларға негізделген фильмдер қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамауға үйретеді. Балаларға жасалатын зорлық-зомбылық, әділетсіз сот жүйесі, құқық қорғау органдарының қателіктері немесе қарапайым адамдардың батылдығы сияқты тақырыптар көрерменді терең ойлануға жетелейді.

Сонымен қатар мұндай фильмдер адамның жанашырлық сезімін күшейтіп, өзгелердің қайғысына түсіністікпен қарауға үйретеді. Көп жағдайда осындай картиналар қоғамдағы өзгерістерге түрткі болып, заңнаманың жетілдірілуіне немесе қоғамдық пікірдің өзгеруіне ықпал етеді. Сондықтан оларды тек кино ретінде емес, өмірден алынған маңызды сабақ ретінде қабылдауға болады.

Оңтүстік Корея киноиндустриясы шынайы оқиғаларды көркем шығармаға айналдырып қана қоймай, қоғамдағы ең ауыр мәселелерді әлемдік деңгейде талқылауға шығара алды. «Кішкентай клиенттен» бастап «Кісі өлтіру туралы естелікке» дейінгі бұл фильмдердің әрқайсысы көрерменді эмоциялық тұрғыдан ғана емес, адамгершілік тұрғысынан да өзгертетін ерекше туындылар саналады.

Егер сіз ұзақ уақыт есте қалатын, өмірдің ащы шындығын көрсететін және адам тағдыры туралы терең ой салатын фильмдер іздеп жүрсеңіз, бұл тізімдегі картиналар соған лайық. Алайда олардың көпшілігінде ауыр психологиялық тақырыптар қозғалғандықтан, мұндай фильмдерді эмоциялық тұрғыдан дайын кезде көрген дұрыс.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

«ӨРМЕКШІ АДАМ: Жаңа күн»: кинотеатрға БАРМАС БҰРЫН білу керек ақпарат
ЖЫНЫСТЫҚ ТӘРБИЕ туралы басты 10 сұраққа ЖАУАП

Түрлі жастағы балаларға қандай спорт пайдалы?