«10 жыл зынданда отырды деп ойлайды»: Жұлдыз Абдукаримова халық алдына шықпаған 10 жылда немен айналысқанын айтты

0
4 449

«Енеме қолымнан түк келмейді деп айттым»


«10 жыл зынданда отырды деп ойлайды»: Жұлдыз Абдукаримова халық алдына шықпаған 10 жылда немен айналысқанын айтты

Хитмен әнші Қайрат Нұртастың жары, тележүргізуші, актриса Жұлдыз Абдукаримова #BIZBENPODCAST жобасында төрт баласын дүниеге әкеліп, декреттік демалыста отырған уақытын қалай өткізгені туралы сыр бөлісті.

«Үй, тірлігі, бала-шағадан басқаға уақыт тапшы болды. Балалар бірінің артынан бірі дүниеге келді. Қазір, 33 жасымда қалай 10 жыл отырдым деп ойлайтын болыппын. Бәлкім, жастықтың әсері шығар... Жас кезде әр нәрсе қызық. Денсаулық, күш-жігер, ыстық махаббаттың арқасында он жыл өмірімнің қалай өткенін байқамай да қалыппын. Келін боп түскен алғашқы кезде шәйнектің астын жағуды ғана білгенім рас. Енем сонда «Адамның істегенін адам қайталай алады» деп жүріп бәрін үйреткен. Қолыңнан түк келмей табалдырық аттап, ол шаңырақтың қыр-сырын меңгеремін, үйренемін дегенше де уақыт керек. Ақырындап тәттілер пісіріп, банка жаба бастайсың. Келіндік, аналық сатылардан өтем дегенше он жылдан асып кетіпті.

Білінбеді емес, білінді, әрине. Балаларымды өзім өсіргім келді. Солардың былдырлап тілі шыққанын, аяғы шығып, жүргенін, жүгіргенін, тәтті шақтарын көрудің өзі күш береді. «10 жыл зынданда отырды» деп ойлайтындар оқырмандар көп екен. Оларға айтарым, мен он жыл ішінде отбасылық бақыттың ішінде болдым. Балаларымды буыны қатқанша тіл-көзден қорғап отырдым.. Ішкі түйсігімде «түбі мамандық бойынша шығамын» деген сезім болды. Он жылда қиындықпен бірге қуаныш та қатар жүрді. Мен оның бәрін күліп еске аламын. Оның бәрінен өттім, жаман болған жоқпын. Ол кезде қиналған сәттерім мен үшін үлкен сабақ болды. Қайта қазір ондай қиындықтардан оңай өтудемін. Сондықтан ешнәрседен кеш қалдым деп ойламаймын. Әдемі жасымда көріндім. Әр нәрсенің өзінің уақыты болады. Бұл да өтеді, кетеді. Кейін қыз ұзатып, келін аламын. Сосын немерелерге қарап отыратын шығармын», - деді ол.

Ал тележүргізушінің оқырмандары арасында "Он жыл ештеңе емес, бала туып, өзінің аналық міндетін атқарып, өз-өзіне келіп, кейіннен шықты, енді мамандығы бойынша жұмыстар атқаруға болады", "Жұлдыз келінге рахмет, сабыр түбі - сары алтын, енді Қайратпен, балаларыңмен бақытты бол!" деген сияқты пікірлер айтылуда.