"Анасы есімін "Жансая" қойғысы келген": Сара Тоқтамысова әкесінің жан тебірентерлік хатын жариялады

0
1 194

"Осы хат арқылы Әкешімнің мен туғандағы сезімін елестетіп отырмын" - дейді айтыскер.


Белгілі айтыскер ақын Сара Тоқтамысова өзі дүниеге келген кезде әкесінің анасына жазған хатын бөлісіп, желі қолданушыларының жүрегін елжіретті. Хатта әкесі сезімдерін жеткізіп, есімін атасының "Сара" деп қойыңдар" деген аманатын жеткізген.

Сара Тоқтамысова: "МЕН ТУҒАНДА ӘКЕШІМНІҢ АНАШЫМА ЖАЗҒАН ХАТЫ!

"Асылдан ардақты көретін Жакатайым! Қалың қалай, денсаулығың жақсы ма? кішкентай бөстегіміздің қалы қалай? Түрі кімге тартқан екен? Әй,бұзық!! Мамасын әбден қинады -ау, келген соң ба бәлем, өзім тәртіпті қылам ғой.
Жакатайым! Қуанышты xабарды мен Қайсар ағалардың үйінде естідім, кешке жақын саған Клараның дәрісін алып кеп берейін деп барғам, содан шай ішіп отырғанбыз, бір машина кеп тоқтағандай болды, менің жүрегім зырқ ете түсті, жұмыста да біртүрлі боп жүррді. Есік ашылды да Нұршакер Апай, соңынан Келгентай аға жүгіріп сүйінші сұрады. Сүйіншісін тәтем берді. Жакатайым "Жансая" деп қояйық депсің ғой, тәтеме айтып едім ол кісі келісті, бірақ атама айтып едім, ол кісі "Сара" - деп қойыңдар деді. Ескіден қалған жалғыз көз ғой, "Жакатайым, Сара деп қояйық" - атам қалған өмірінде "балам" деп ықыласын беріп өтсін..
Ал, басқа не жазам менің қос құлындарым Жакатайым,Сарашым!" сәлеммен: Сараның папасы Совет (Қуанышты xабарды естіген күні таңғы сағ 4те әрез ұйықтадым)"

Осы хат арқылы Әкешімнің мен туғандағы сезімін елестетіп отырмын".

Бұл хатты оқыған әлеуметтік желі қолданушылары әкесінің хатына тәнті болып, "Жаным Ақ Сара, осындай махаббаттан туып, елдің махаббатына бөленіп жүрсіз-ау. Әсерім мол. Отбасыңызға, әулетіңізге тілекшімін. Ұрпақтан ұрпаққа қалатын хат жазба екен. "Отан отбасынан басталады" деген осы махаббат қой", "Әкеңіздің мамаңызға, жаңа туған баласына деген махаббаты бір хаттан-ақ көрініп тұр ғой. Алла әкеңізге денсаулық беріп, жүз жасасын!" деген ізгі ниеттерін пікірге жазып жатыр.