​«Әжем әкеме мен үшін теріс бата берген»: Актер Шерхан Пірназар ешкімге айтпаған құпиясын жайып салды

0
3 722

«Нағашыларым «адам болмайсың» деп айта беретін»


​«Әжем әкеме мен үшін теріс бата берген»: Актер Шерхан Пірназар ешкімге айтпаған құпиясын жайып салды

Көпшілікке «Сакура» сериалындағы Маңқа рөлімен танылған актер Шерхан Пірназар әріптесі Қайрат Әділгерейге сұхбат беріп, отбасылық өмірі жайлы ел білмейтін құпияны ашты.


«Мен әжемнің баласы болғам. Ол кісі сегіз бала тапқан, біреуі қыз, тоғызыншысы мен болдым. Жатса да, тұрса да жанынан тастамайтын. Әжемнің жеті баласы бір үйде тұрған. Жеті келіннің ішінен менің мамамды ерекше жақсы көріп, тірлік істетпей еркелеткен.


Бірақ, тағдырында бар шығар енді, әкем мен анам ажырасып кетіп, менің қатты жылағаным есімде. Сонда әжем өз баласына «менің баламды жетім еттің» деп қатты ұрысқан. Сол кеткеннен әкемді жақында ғана, төрт жыл бұрын көрістім. Қанша дегенмен әкенің аты әке екен. Оған дейін бетпе-бет кездескенде бүй деп айтам, мынаны айтамын деп дайындалып, кіжініп барған едім. Бірақ оның бәрі көрген кезде ұмытылып, ашық сөйлестік. Әкем «біз ажырасқанда әжең «менің немеремді жетім қылдың» деп маған теріс батасын берген еді, сол жағдайдан кейін жолым болмады» деп айтып берді», - деді Шерхан Пірназар.


Актердің әжесі өмірден өтерде ұл-қыздарына сүйікті немересін аманаттап кеткен екен. Бұл туралы Шерхан тебірене еске алды.


«Әлі есімде, оныншы сыныпта оқитынмын. Ауылдан ағам келіп, мені сұрап әкетті. Барсақ әжем өмірден өткен, адамдар жерлеуге алып шығу үшін табытқа салып, мені күтіп тұрған екен. Қоштасып үлгердім. Әжем «Шерхан үйленсе тойын өздерің істеп беріңдер» деп балаларына аманаттап кеткен екен. Содан мен үйленіп, той жасауға келгенде өз жұртым мен нағашыларым таласып қалды. «Біздің де той жасауға жағдайымыз жетеді, олай болса құдаларды біз де күтеміз. Тойдың шығынына да біз өз үлесімізді қосамыз» деп шарт қойып, екі жақтап атқарып берді.


Анам ажырасқасын мені ойлап екінші мәрте тұрмысқа шықпады. Нағашылардың қолында өстім. Бірақ өте қиын болды. Себебі менің әкем де, оның бауырлары да ауылда атыс-шабыс, төбелес, разборкаға жақын өскен. Пірназар әулеті сондаймен атышулы еді. Кейін мамам ажырасып, төркініне қайтып келгенде нағашыларым «сен әкеңе тартқансың, бұл жиен адам болмайды» деп кекетіп, айта беретін. Ол сөзді естіген сайын әжемнің мейірімін, махаббатын аңсап, жылаушы едім. Есейіп, Алматыға оқуға кеткенде де «Ой, сенің Шерханың адам болмайды, оқып жүр дейсің бе, ішіп, қуып жүрген шығар. Көресің, ол да әкесіне ұқсап, әлі сені қан қақсатады» деп айта берген екен», - деп ағынан жарылды Шерхан Пірназар.