"Кешірім сұрайды десе, қатты қателеседі": Сәкен Майғазиев сотқа берген қыз үндеу жариялады (видео)

0
16 432

Сәкен Майғазиев «менің ар-ұжданыма нұқсан келтірді, кешірім сұрасын, видеоны өшірсін» деп шағымданған.


"Мен ешкімнен, ешқандай кешірім сұрамаймын" дейді Сәкен Майғазиев сотқа берген Аружан Дүйсебай. Бұл туралы ол өзінің парақшасында жариялады.

Басшылыққа келген Сәкен Майғазиев туралы көктемнен бері жағымсыз әңгімелер көп тарап жүр. Оның ауаны өзі басқаратын мекеме мен концерттерге кеткен қаражат бойынша екенін оқырман да біледі. Өзі туралы ақпарат таратып, одан есеп сұраған қыздардың бірі Аружан Дүйсебайды әнші сотқа берген.

Аружан Дүйсебай: "Сәкен Майғазиев қазақ қызын сотқа сүйреді.

Маған Сәкен Майғазиевтің менің үстімнен арыз жазуына не түрткі болғанын нақты айтқан жоқ. Жаңа ғана біздің адвокатымыз шағым түсіргеннен кейін ғана Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының хатшысы Зиат Талшын деген азаматша бізге жауап берді. Ол жерде Сәкен Майғазиев «менің ар-ұжданыма нұқсан келтірді, кешірім сұрасын, видеоны өшірсін» деп шағымданған. Бұл жерде Сәкен Майғазиевтің өзі бөлінген қаржыға байланысты жауап беруі керек. Қаншама уақыт өткеннен кейін. Қаншама дәлел көрсетіп жазған журналистерді сотқа бермей, мені сотқа беруін саяси тапсырыс деп білемін. Себебі соңғы митингтерде Демокаратиялық партия белсенділеріне өте қатты қысым көрсетілді. Ұрды, соқты, тіпті кейбіреуін қамады. Менің өзім де екі мәрте митинг кезінде омандардан таяқ жеп, ауруханаға жеткізілдім.

Осы бастан айтайын, бұл оның (Сәкен Майғазиевтің-ред) өзінің ұстанымы болсын немесе биліктің тапсырмасы болсын, мен одан кешірім сұрайды десе, қатты қателеседі. Мен ешкімнен, ешқандай кешірім сұрамаймын. Керсінше, Сәкен Майғазиев осы жұмсалған қаржы жөнінде нақты мәлімет, ақпарат беруі керек. Егер «Нұр Отанның» сотына сеніп отырса, онда әрине Сәкен Майғазиев жеңеді. Егер әділдік болсын деп, шынымен зерттелетін болса, онда Сәкен Майғазиев баяғыда сотталып кететін еді. Мұның бәрі біздің сағымызды сындыру үшін жасалып жатқан әрекеттер деп білемін. Әйтпесе, қанша уақыт өткен соң сотқа беруі... Сәкен Майғазиев түс көрді ме, білмеймін".


Бұл видеоны өзге парақшалар да жариялап, оқырмандардың пікірін білуге асыққан. Желідегілердің ойы екіге бөлініп, қызу талқыға алып жатыр.

Олардың бір тарабы - "Бізде әділ сот бар деп ойлау қорқынышты боп кетті ғой", "Қолдаңыздар қазақ халқы. Майғазиевтің мұнысы дұрыс болмады өзі көтере алмайтын қанжарды беліне байлап", "Түрі жаман айқас болады десеңші. Сәкен ағамды айыптай алмаймын бірақ әділдік орнасын және кім дұрыс сол жеңсін. Аружан, сен де мойыма. Ел жақсылығы үшін күресіп жүргеніңе күмән жоқ" дейді.

Келесі тарап өздерінің сүйікті әншілерінің ондай қадамға барғанына сенгісі келмейді. Бірақ Сәкен Майғазиев әзірге бұл туралы ресми ақпарат бермеді.