"Халық пен әншінің арасына от жағып" - Нұрлан Еспанов әншілерді шегірткеге теңегендерге қарсылық білдірді

0
4 530

Қазақстандық кәсіпкер Ахметбек Нұрсиланың эстрада әншілерін ашық түрде шегірткеге теңегені қоғамда үлкен пікірталас туғызып, өнер адамдары туралы халықтың пікірін екіге бөлді.


Соңғы кездері жаппай ұтыс ойындарын жарнамалауға көшкен әншілерді көпшілік жеңіл ақша табуды кәсіпке айналдырды деп сөгіп жатса, енді бірі оларды жақтап жатады.

Ал, шегіртке атауының бір ұшы өзіне тиген әнші Нұрлан Еспанов "шегіртке" сөзінің исламда жаман емес, керісінше жақсы мағынада екенін айтады. Бұл туралы әнші Нұрсұлтан Құрманның Youtube арнасында берген сұхбатында айтқан.

" Мен әншілердің бәрін шегіртке деп жүрген Ахметбек Нұрсиланың кім екенін өз басым жеке танымаймын. Алайда ол кісімен жақын арада кездесіп сөйлесемін. Ал ол кісінің әншілер шегіртке деген сөзіне айтарым - шегіртке деген жақсы мағынаны білдіреді. Исламда да оның өзіндік рөлі бар. Мен оны дінтанушы достарымнан сұрадым. Дін маманы секілді айтып отырмай-ақ қояйын, өздеріңіз оқып аларсыздар. Ахметбек Нұрсила, сіз де ғаламтордан шегірткенің рөлі туралы оқып көріңізші алдымен", - дейді әнші.

Нұрлан Еспанов әншілердің оңай жолмен ақша таппайтынын, олардың да бала-шағасы, отбасы бар екенін, тіпті кейбірінің басында несиесі бар екенін де айтып өтті.

Сондай-ақ әнші журналистер мен әншілердің тойға шығатын бағасына сын айтқан халыққа ренішін білдірді.

"Халық пен әншілердің арасына от салып, әншілерді құбыжық етіп көрсету қазір үрдіске айналды. Қазіргі кезде көптеген журналистер әншінің қалтасындағы ақшасын санайтын болып кеткен. Ал халық әншінің талғамын, талантын, талабын бағалау керек негізі. Қалтасындағы ақшасын санаған дұрыс емес. Әншілер белгілі бір жетістікке жетіп айтып отыр оны. Ал ондай әншілер көп емес" - деп ренішін білдірді әнші.

Бірақ Нұрлан Еспановтың ашық сұхбатына халықтың көпшілігі сенімсіздікпен қараған. Мұны оқырмандардың жазған пікірлерінен білуге болады.

"Бұл жерде қайрымдылықтың иісі де жоқ! Бір адамға мыңдаған адамның ақшасын алып беру нағыз алаяктық! Бір адам қуанар, қалғаны не?!", "Қылықтары шынымен пародия жасайтын адамдарға ұқсайды", "Нұрлан әңгімесінің өтірік екенін өзі біліп тұр ғой" - деген сынды пікір жазады көпшілік.