​«Күйеуімнің өзі Құдайдың берген маһрі»: Жұлдызай Дүйсенбиева ажырасқаны жайлы қауесетке нүкте қойды

0
8 010

«Некемізді екінші рет қидырмайтын болдық»


​«Күйеуімнің өзі Құдайдың берген маһрі»: Жұлдызай Дүйсенбиева ажырасқаны жайлы қауесетке нүкте қойды

Танымал әзілкеш, актриса, вайнер Жұлдызай Дүйсенбиева «Ұйқым келмейді» бағдарламасында күйеуімен қарым-қатынасы жайлы барлық шындықты айтып берді.


«... Жалпы, менің түсінгенім, сен неғұрлым бақытсыз болсаң, адамдар соғұрлым өтірік жанашыр боп кетеді екен. «Ажырасып кетіпті» деген өсек шыққанда «Масқара, онда тұрған ештеңе жоқ, баяғыда сөйтуің керек еді. Мен білгем...» дейтіндер көбейіп кетті. Ал бақытты болсаң сенімен ешкімнің шаруасы жоқ.


Күйеуіммен ажырасып кетті деген жаңалықты хайп үшін шығардық. Жаздыгүні бір сериалға түстім. Сонда режиссер маған «Осылай жасап көріңізші» деп ұсыныс білдірді. Күйеуіме айтып ем, ол да келісті. «Өзіңе дұрыс болса жасай бер» деді. Екеуміз де бұны жеңіл қабылдадық. Бірақ артынан «шын боп кетсе не болады» деп кішкене уайымдадым. Сөйтем ем, айналамдағы адамдардың кім екенін таныдым ғой. «Жаным-ау, неге өйттің, анау қыз әкесіз өсе ме?» деп шын уайымдаған жанашырларыма рахмет. Бір жағынан «Мен осы сендердің некелеріңді ары кетсе 5 жылға жетеді деп ойлаған ем» деп табалап шыққандар да болды. Тіпті мұны енем де дұрыс түсінбей, ренжіді. Ол кісі енді өнер адамы емес қой, хайп дегенді қабылдай алмады» деді Жұлдызай Дүйсенбиева.


Актриса алғаш келін боп түскен кезде маһр сұрай алмай қалғанын да айтып берді.


«Біз байғұс күйеу тапқанымызға қуанып тие беріппіз ғой. Қайта, керісінше, өзіміз барымызды беріп, «мені ала берші, менде орамал да, адыраспан да, бәрі бар, қалтамда тұр» деп аттандап кетіппіз ғой. Қазіргілер машина сұрап жатыр.


Келін боп түскенде мынандай қызық болды: некемізді қиған ауылдың имамы мені көріп «Мынау шынымен Жұлдызай ма» деп аузы ашылып, таңғалып, маһр жайлы айтуды ұмытып кеткен ғой. Мен «не сұрасам екен» деп ойланып отырғанда некеміз қиылды да кетті. Соңынан Өмірсерікке «мына кісі менен маһр жайлы сұрамады ғой, звондап сұрашы» дедім. Сөйтсем имам кісі «Ойбуй, ұмытып кетіппін» деп күліпті.


Кейін осы жайлы дінді ұстанған достарымыздан сұрастырдық. «Қайтадан некелеріңді жаңартып, қидырғанда сұрасаң, онда тұрған ештеңе жоқ» деді. Сосын «Қойшы, айналайын, өзіміз 33-ке келіп әрең тапқан күйеуім, осы күйі қала берсін. Күйеуімнің өзі Құдайдың берген маһрі» деп бұл тақырыпты жылы жауып қоя салдым» деді Жұлдызай.