«Айқай шығарып, балағаттап, ерегісіп, сес көрсетіп кетті»
Белгілі актер, «Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті Азамат Сатыбалды «Алтын адам» анимациялық жобасына қатысты даулы мәселеге өз пікірін білдірді. Өнер иесі бір жыл бойы жалақы берілмей жатқанын айтып жүрген анимация мамандарының шағымы орынсыз екенін жеткізді. Бұл туралы актер «Массагет. тв» ютуб каналына берген сұхбатында айтты.
«Қазақфильм» мен «Қазақанимация» қызметкерлері айлықтарын толық алып отыр. Бұл "Алтын адам" жобасының шығармашылық тобы. Айлық емес, қаламақы (гонорар) туралы айтып жатыр. Жоба 2019-жылы басталған. Бес жылға созылып, бітпей келе жатыр. Соңғы мерзім бойынша 2023-жылы біту керек екен. 90 пайыз ақшасы төленген, 10 пайызы қалған. Бұл жоба ұлттық киноны қолдау орталығының тапсырысы. Ал «Қазақфильм» - орындаушы орган. Шындап келгенде «Қазақфильм» де қаражатын ала алмай, зардап шегіп отыр. Өйткені кино орталығы жобаны қабылдамады. Ол жерде эксперттік кеңес бар. Содан кейін, сот процесі басталды. Бұл - жүйелі шара. Бәрін заңдастыру үшін сот процесінен өту керек. 20-маусым күні Ұлттық киноны қолдау орталығының бастығы Құрманбек мырзамен кездесу өтті. Сол жерде ортақ шешімге келдік. Жобаның режиссері мен авторлары қол алысып келісті», - деді Азамат Сатыбалды.
Ол сондай-ақ қол астындағы қызметкерлермен қашанда мәміле жасауға дайын екенін айтты.
«Менің отбасым бар, ұл тәрбиелеп отырмын. Қалтамда ақша болып, «Қазақфильмде» ақша болып тұрып, соны қызметкелерге бермей, зар еңіретіп қоятындай ит емеспін, ондай тексіз адам емеспін. Мен ашық адаммын, күнде болмаса да олармен кездесіп тұрамын. Еш уақытта біреуі алдыма келіп, кірмей кеткен емес. Кез-келген уақытта маған кере алады, отырып сөйлесе аламын. Мен оны дәлелдеп те бере алам. «Азамат Сатыбалды, шық!» деп айқайлайтындай деңгейдегі адам емеспін.
Олар неге бұлай шоу жасады, мен білмеймін. Кез-келген уақытта кіре алатын адамдар еді ғой. Мен тура сол күні әкімдікте болғам. Телефонымды сөндіріп тастап кеткем. Бір кабинеттен екінші кабинетке кіріп жатқанда әкімнің орынбасары болған жағдайды айтты. Тез-тез шаруаны бітіп келсем, бәрі кетіп қалыпты», - деді актер.
Азамат Сатыбалдының айтуынша, «Қазақфильм» қызметкерлерінің бұлай көтерілуінің астарында әлдекімдердің қызметтік мүддесі тұрған көрінеді.
«Неге бұл жағдай көктемде емес, басқа күні емес, неге тап сол күні ұйымдастырылды, білесіз бе? Өйткені 12-шілдеде бұйрық шығып, «Қазақанимацияның» жұмысына жоғарыдан қаржы түсетінін, жұмысы басталатынын барлығы білді. Аттарын айтпай-ақ қояйын, екі адам «Қазақфильмге» келді, оған барлық дәлел бар. Біріншісі «Қазақанимация» басталады екен, маған мына қызметті бер» деп сұрады. Біз оған келіспедік. «Конкурс арқылы аламыз, олай болмайды» дедік. Сол жерде айқай шығарып, балағаттап, қызметкерлермен ерегісіп, ақырында күзетпен қуып шықтық. «Мен сендерге көрсетем» деп сес көрсеткен.
Екіншісі де «Маған мына қызметті бер» деп сұрады. Оған да түсіндіріп айтқанбыз. «Онда маған ренжімеңдер» деп кеткен. Ертесі күні қызметкерлер әлгіндей жағдаймен көшеге шықты. Айқайлап жүрген адамдарға «Қазақфильм» де, «Қазақанимация» да керек емес, оларға басқа нәрсе керек, сол үшін шырылдап жүр. Мен олардың «Қазақфильмді» майшелпек қылып сорып отыруына жол бере алмаймын, бар кінәм – осы», - деді Азамат Сатыбалды.
Айта кетейік, таяуда ғана өнертенуші, режиссер Ерлан Төлеутай бастаған бір топ аниматорлар «Қазақфильм» ғимаратының алдында «Жалақымызды ала алмай жүрміз» деп шу шығарған еді.